Кеше үш күнге созылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммиті аясында өткен Шолу конференциясының үшінші бөлігі өз жұмысын табысты аяқтады. Осыған орай жарық көрген «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірі 1-2 желтоқсан күндері елордамыз - Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне арналып отыр. «Астананың әлемдік толғағы» деген ортақ тақырып аясына топтастырылған мақалаларда конференция жұмысы тыңғылықты баяндалады. Мәселен, «Астана рухы - ұйым болашағының соны бағыты» деген тақырыппен жарық көрген мақалаға кеше Бейбітшілік және келісім сарайында өткен ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының кеңейтілген қорытынды пленарлық отырысына арналған. Отырысқа ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы өкілі- ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов төрағалық етті. Кеңейтілген отырысқа ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбо қатысты. «Сөз және баспасөз бостандығына байланысты баяндама жасаған Словения өкілі Анна Петрич пен БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі ЕҚЫҰ-ның өкілі Дунья Миятович Ұйым аясында бұл көкейкесті мәселенің ерекше маңызды орын алатындығын тілге тиек етті. Мәселен, Дунья Миятович өз сөзінде ЕҚЫҰ Саммитінен кейін Ұйымға мүше мемлекеттер БАҚ бостандығы шеңберінде қабылдаған өз міндеттемелерін қайта жандандырып, жаңа серпіліс жасаулары қажет екендігін мәлімдеді. Осы ретте ол сөз және баспасөз бостандығын одан әрі жаңғырту мақсатында 10 негізгі бағыттардан тұратын басты тұжырымдарды атап көрсетті», - деп жазады басылым.
Кеше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Шолу конференциясы аяқталған соң, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо мен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы өкілі, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов Шолу конференциясының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жоспарланған іс-шаралар толық жүзеге асырылды» деген тақырыппен мақала басылды.
«Шолу конференцияларының аса тиімділігі, оған азаматтық қоғам институттарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысып, ұсыныстарын ашық білдіреді. ЕҚЫҰ - бірегей халықаралық Ұйым болғандықтан, оның жиындарында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, қару-жараққа бақылау жасауға, басқа да өткір мәселелерге байланысты мәселелер қарастырылады. Ал Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Шолу конференциясына көптеген үкіметтік емес ұйымдардың қатысуына барлық жағдай жасағаны жиын кезінде айқын көрініп тұрды. Қазақстан биылғы жылы өзінің төрағалығында жоспарлаған іс-шаралардың барлығын жоғары деңгейде табысты жүзеге асырды», - дейді М.П. де Бришамбо.
***
«Қазақ әдебиеті» апталығына сұхбат берген белгілі заңгер ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Рамазан Сарпеков Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының маңызы, 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның 7-саммиті туралы өз ой-пікірлермен бөліскен. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген депутат: «Алқалы жиында таулы Қарабақ сияқты ұзаққа созылған жанжалдарды тоқтатудың жолы, екі елді татуластырудың тетігі сөз болмақ. Араағайындыққа келгенде ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстанның да осы дау-дамайды реттеуге қосқан үлес бар», - дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның «Әлемге мойындататын күн» деген тақырыппен берілген мақаласынан оқи аласыздар.
Астана Саммиті қарсаңында «Қазақ әдеибеті» апталығында «Азия мен Еуропа арасын жалғайтын көпір» деген ортақ тақырып аясында Философия және саясаттану институтының директоры Әбдімәлік Нысанбаевтың, экономика ғылымдарының докторы Өтеғали Шеденовтің, саяси ғылымдардың кандитаты Расул Жұмалының және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Ерғали Омарғазының ой-пікірлер жарияланды. Мәселен, Е.Нысанбаев: «Қазақстан ЕҚЫҰ-ның сынағынан сүрінбей өтті. саяси көшбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандық дипломатияның қанаты. Қоғам қайраткерлері мен үкіметтік емес секторлар, бизнес-қоғам, сарапшылар мен қатардағы азаматтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып өзіне сеніп тапсырылған міндетті абыроймен атқарып шықты», - дейді. Ал Ө.Шеденовтің пікірінше, Қазақстан әлемдегі әлеуметтік және экономикалық көптеген проблемаларды реформа жүзінде бейбіт жолмен шеше алуда өзіндік тәжірибенің барын көрсетті. Бұл саяси сахнадағы «брендіміз». «Әрине, еліміздің қол жеткізе алған кез келген жетістігі, жемісі - халықтың ауызбіршілігі, Елбасының ерен еңбегі», - дейді ол.
***
«ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы Істер министрі Қанат Саудабаев сенбі күні Армения Сыртқы істер министрі Эдуард Налбандянмен телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, әңгімелесушілер алдағы 1-2 желтоқсандағы Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысын және оның мазмұндық толтырылуын талқылады. Сыртқы саясат ведомстволардың басшылары осы кездесудің табысты және нәтижелі өткізілуінің маңызына, оның барысында ЕҚЫҰ жауапкершілігі кеңістігіндегі ынтымақтастық пен қауіпсіздікті дамытуға елеулі үлес қосып отырған Ұйымның одан әрі дамуының болашағын айқындайтын маңызды құжаттардың қабылдануының маңыздылығына тоқталды.