Астана Саммиті әлемдегі әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуге деген талпыныс - Мәжіліс депутаты
13:55, 14 Қаңтар 2011
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана Саммитінің Декларациясында Мемлекет басшысының әлемдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған саясаты көрініс тапқан.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан 19 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жетті. Қазір қарт құрлық Еуропаның өзі Қазақстанды мойындайды.
«Біз әлемдегі белді ұйымдардың бірі - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тізгінін ұстадық. Тек ұстап қана қоймай, Астанада оның Саммитін де өткіздік. Саммиттің Декларациясын оқи отырып, біз Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы мәселелерді шешуге бағытталған саясатын көреміз. Яғни ол - Арал теңізінің мәселесі, ол - Ауғанстан проблемасы. Сайып келгенде, бұл әлемдегі әлеуметтік мәселелерді бірге шешуге деген талпыныс»,-деді депутат.