«Астана саммиті аса маңызды оқиға ретінде тарихта қалады»-республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 желтоқсан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан»
газетінің бүгінгі нөмірінде «Саламатты ой-ниет салтанаты» деген тақырыппен елордада аяқталған ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті туралы мақала басылды. «Кеше елордада ЕҚЫҰ Саммиті елу алты елді бір пәтуаға келтірген Астана декларациясын қабылдаумен аяқталды. Еуразия құрлығындағы саяси өмірдің жаңа белесін бастайтын бұл ұлы жиын еліміздің дүйім дүниедегі беделін биіктете түсті. Абыройымыз асқақтай берсін, ардақты ағайын!», - делінген мақалада.

Сонымен қатар осы мақаланың аясында «Астана декларациясы қабылданды», деген тақырыпшамен мақалада берілді. «Сонымен, бәріміз көптен күткен, толқи күткен Астана Саммиті өз мәресіне жетті. Осы арқылы еліміздің әлемге әйгілі Ұйымға төр­ағалық ету, оның талай жылдар­дан бері ша­қырылмаған саммитін ұйымдас­тыру жө­нін­дегі жұмысы да негізінен қоры­тын­дыланды. Тамаша қорытындыланды. Саммитте Астана Дек­лара­циясы қабыл­дан­ды. Оның мәтіні га­зет­тің келесі нөмірін­де жа­рияланады. Бұл - Қазақстан төр­аға­лы­ғы­ның тамаша табысы, еліміздің жасам­паздық жолындағы жаңа жарқын жеңісі. Сам­митке қатысушы­лардың атап көрсет­кеніндей, бұл Декларация Ұйым өміріндегі ғана емес, жал­пы­­адамзаттық қауіпсіздік тұрғысынан алған­да да үлкен тарихи оқиға ретінде баға­ланбақ», - делінген мақалада.


***
«Астана саммиті аса маңызды оқиға ретінде тарихта қалады». «Айқын»
газетінің бүгінгі нөмірінде дәл осындай тақырыппен мақала басылды. «Желтоқсанның 1-2 жұлдызына жоспарланған Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жетінші саммиті 3-желтоқсанда мәресіне жетті. Ыстамбұл саммитінен кейін араға он бір жыл салып барып бас қосқан ЕҚЫҰ мемлекеттерінің талқыға салар түйткілді мәселелері толас таппаса керек, Астана саммиті сағат тілі 24:50-ді соққанда ғана жабық деп жарияланды. Астана Декларациясы қабылданды!»,- деп бастаған автор мақаласын. Автордың жазуынша, Саммиттің жабылуынан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. «Қазір ғана аяқталған алқалы жиынмен бірге Қазақстан өркениет көшіндегі жаңа кезеңге қадам басты. Төрткүл дүниенің назары екі күн бойы біздің елімізге ауып, Астанада адамзаттық ауқымдағы түйткілді мәселелер талқыға түсті. Біз Батыстың беделді ұйымына Азия елдері арасында алғашқы төраға болып, құрлықтың тұтас қауіпсіздігі жөнінде тұңғыш бастама көтердік. Осы төрағалық ұйым тарихында аса маңызды оқиға болды деп айтуға болады» деді Елбасы», - делінген осы мақалада.

Сондай-ақ «Айқынның» бүгінгі нөмірінде «Хиллари КЛИНТОН, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы: Қазақтар қол жеткен жетістіктерімен мақтана алады» деген тақырыппен мақала басылды. «Мен Қазақстан Президентіне, Сыртқы істер министрлігі мен қазақ халқына қонақжайлылығы үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Қазір мен 90-шы жылдардағы қазақ еліне алғашқы сапарларымды жылы сезіммен еске алып отырмын. Ол тұста қазақ халқы тәуелсіз, дербес ел ретінде өз өмірін жаңадан бастап жатқан еді. Біз АҚШ-тың Қазақстанды бірінші боп мойындап, оны мемлекеттер қауымдастығына қарсы алған алғашқы ел болғанын мақтан тұтамыз. Бүгінгі күні қазақтар қол жеткізген жетістіктерімен мақтана алады» - деп мәлімдеді», - деп жазады газет.

«Астана жиыны тарихи рөл атқарады». «Айқын» газетінің бүгінгі санында осындай тақырыппен жарық көрген мақалаға ЕҚЫҰ саммитіне қатысқан Қырғызстан президенті Роза Отынбаеваның жасаған мәлімдемелері арқау болған. «Астана саммитінде Қырғызстанға моральдық және жедел гуманитарлық қолдау көрсеткені үшін ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасы Қазақстанға және ЕҚЫҰ саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқан қырғыз елінің басшысы: «Ұйымның ары қарай дамуында Астана саммиті тарихи рөл атқаратыны сөзсіз. Қазақстанның халықаралық ұйымға төрағалығы барысында Қырғызстандағы жанжал жоғары жақта жиі талқыланды. Бауырлас елдің ұйытқы болуымен сәуірдегі оқиғадан кейін әлем қауымдастығының назары Қырғызстанға ауды» дей келе: «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы табысты болды. Оған ешкім күмән келтіре алмайды» деген байлам жасады», - делінген жоғарыдағы мақалада.

***

«Жаңа тарихи жағдайда Хельсинки рухы қайта жаңғырды».
«Алаш айнасы» газетінің 3 желтоқсан күнгі санында осындай тақырыппен Астана Саммиті туралы мақала басылды. «Екі күнге созылған ЕҚЫҰ саммитінің қорытынды құжаты - Астана Декларациясы түн ортасы ауған шақта сәтті қабылданды. Бұл жаңалықты пленарлық отырыс барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың өзі мәлім етті», делінген мақалада. Мақала авторы Елбасының Самииттегі қорытынды сөзін мысалға келтіреді. «Құрметті әріптестер, ханымдар мен мырзалар! Сіздерге елімізде өткен ЕҚЫҰ Саммитінің қорытынды құжатын әзірлеуге қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Жалпыға ортақ ереже бойынша Астана Декларациясының жобасы Тұрақты кеңесте «Сам.Д1-10» нөмірімен делегация басшыларының тарапынан еш қарсылықсыз Тұрақты кеңеке тіркеліп отыр. Барлықтарыңызға Астана декларациясының қабылданғанын жариялаймын. Соңғы 11 жылдың ішінде алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Декларациясы қабылданды. Бұл - бәріміздің ортақ жеңісіміз. Аталмыш құжат ұйым өміріндегі жаңа кезеңге бастау болады деп сенемін», - деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы.

«Орталық Азияның отты нүктесіне айналған Қырғызстан мәселесі Астана Саммитінің күн тәртібінде қызу талқыланған тақырыптың бірі болды. Жаһандық қауымдастықтың мазасын алған Қырғыз жағдайын реттеу күн сайын өзектілігі артып отырған мәселе екендігі айқын. «Сайлау өтті, мемлекеттік билік қалыптасып келеді» делінгенімен, елдегі тұрақтылық әлі де орныққан емес. Қырғызға қолдау жасау жайлы дүйім елдің серкелері Астанада сөз етіп жатқанда, Алатаудың ар жағынан «жарылыстар» туралы жаңғырықтың толастамауы да соның айғағы іспеттес», - деп жазады «Алаш айнасы» бүгінгі нөмірінде. Бұл мәселе жайлы толық білгіңіз келсе «Қырғыз бен Ауған мәселесі толғантады» деген мақалаға назар аударыңыз.

Сонымен қатар «Алаш айнасы» басылымда «ЕҚЫҰ Саммиті Корей түбегіндегі дағдарысқа да алаңдаулы» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Еске салсақ, екіге жарылған кәрістер арасындағы кикілжің өткен қараша айының соңына таман қайта ушығып кеткен болатын. Бұған Солтүстік Корея тарапынан оңтүстіктегі ағайындарына қаратып атылған оқ себеп болған. Басты тақырыбының бірі жаһандық қауіпсіздік пен қатерлерге қарсы күресті қамтитын Астана Саммиті де Корей түбегіндегі текетірестен айналып өте алмады. Сөз сөйлеуші делегация басшылары «солтүстік кәрістердің» қыңырлығын қатаң сынға алып, жаза баспауын ескерткен болса, ресми Сеул әлгі мәселе бойынша ЕҚЫҰ-дан нақты ұстанымды талап етті»,- деп жазады мақала авторы. Автордың айтуынша, Астана Саммитінде сөз сөйлеген Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрі Сунг-Хван Ким Солтүстік Корея әскери күшінің әрекетін «аса қатігез әрі заңсыз актіге» балап, оның БҰҰ Жарлығына да, екі ел арасындағы өзара келісімге де қайшы екендігін мәлімдеген.

Сондай-ақ «Алаш айнасының» бүгінгі нөмірінде «Саммит Еуропадағы қауіпсіздік мәселесінің өте күрделі екенін көрсетті» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. «Саммиттің кешегі отырысын ашқан Елбасы сөзін қатысушы мемлекеттерге арнап, Астанадағы осынау үлкен жиын Қазақстанға ЕҚЫҰ қызметін серпілту тұрғысынан бірегей мүмкіндік беріп отырғандығына назар аударды. «Ыстамбұл саммитінен кейін араға 11 жыл салып барып өтіп жатқан мемлекет және үкімет басшыларының жоғары деңгейдегі пікір алмасулары бізге сағатымызды туралап, қай жерде тұрғанымызды ұғынуға, ілгері жылжудағы негізгі бағыттарымызды айқындауға мүмкіндік береді. Іс жүзінде ЕҚЫҰ міндеттемелері мен қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді сараптау бізге болашақ жоспарларды белгілеуге мүмкіндік береді. Тарих бізге айрықша мүмкіндік беріп тұр. Одан айрылып қалу кешірілмес жайт болар еді», - деген Мемлекет басшысы Астана декларациясының қалған тұстары бойынша кереғарлықтарды еңсеріп, ортақ пікірге келетіндеріне сенім білдірді», - дейді мақала авторы.