Астана Саммиті барысында интернет арқылы отандық арналарды қараған шетелдіктердің саны көп болды - А. Жұмағалиев

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Астана Саммиті барысында интернет арқылы отандық арналарды қараған шетелдіктердің саны көп болды. Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті.

«Бүгінгі күні біз барлық отандық БАҚ-ты ғаламторға шоғырландырдық. Отандық арналарды интернет арқылы «Baq.kz» сайтынан қарауға болады. Бұл шараны да Қазақстанды әлемге танымал етудің бір әдісі деп те атауға болады. Мәселен, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті барысында айтулы шараны дәл осындай агрегаттан шетелдіктер тамашалаған»,- деді А. Жұмағалиев.

Сонымен қатар, Қазақстанды шетелге танытудың кең шараларына тоқталған министр, бүгінгі күні «Каспионет» жерсеріктік арнасын көптеген мемлекеттерге тарату стратегиясы қабылданғанын жеткізді. Оның айтуынша, дәл осындай арна «ОРТ-Еуразия» да шетелге хабар тарату бағытын ұстанатын болады.

Талқылау барысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жас министрліктің ұмтылысын жақсы бағалай келе, әлі де болса отандық телехабардың мазмұнымен жұмыс істей түсу қажеттігін атап өтті. «Шынан айту керек, көпшілік көрерменнің ресейлік хабарға ауысып жататыны рас. Біздің телеарналарымыз көбінесе «көшіргеннен» аса алмай жүр. Бұл ретте «көшірменің» түпнұсқадан әлдеқайда нашар шығатынын ескеру қажет», - деді Сенат Төрағасы.