Досхан Әміреновтың айтуынша, өңірде туризмді дамыту бойынша шаралар мемлекеттік бағдарламалардан тыс облыс әкімдігі тарапынан да жүзеге асырылуда. Әсіресе, «Астана-Щучинск» автожолы бойындағы сервистік қызмет көрсетуді дамыту бойынша нақтылы шаралар қолға алынған.
«Республикалық маңызы бар «Астана-Щучинск» тас жолының бойында сервистік қызмет көрсететін 47 нысан болса, осы күні оның 43-і жұмыс істейді. Оның 16-ы жанар-жағар май құю стансасы, 16 - тамақтанатын орын және 11 - сервистік (дәретхана және сауда нүктесі) павильон», - деді ол.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, жұмыс істеп тұрған аталмыш 43 нысанның 29-ы ғана Қазақстан Республикасының «Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары. Жол бойындағы сервис және оның қызмет талаптары» ұлттық стандартына сай келеді. Жыл соңына дейін тағы екі нысанды осы стандартқа сәйкестендіру жоспарланған. «Астана-Щучинск» тас жолының ақылы бөлігі «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалына қарайды. Ағымдағы жылы бұл жолдың бойында «KazWay» 5 сервистік павильоны орнатылды.
«Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің тапсырмасымен санитарлық талаптарға сай келмейтін бетоннан тұрғызылған 17 дала дәретханасы сүрілді. Оған қоса, облыстық және аудандық жергілікті атқарушы органдар жол бойында орналасқан сервистік қызмет нысандарын зерттеді және кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірді», - деп толықтырды Д.Әміренов.
Дәретханасы бар жол бойы сервистік қызмет көрсету нысандарына қатысты проблемаларға жедел назар аудару үшін облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында жедел желілер жұмыс істейді. Атап айтқанда, call-орталық - 8(7162) 240022, туристік ақпараттық орталығы - 8 708 801 0000, ақылы автомобиль жолдары дирекциясы- 8(7172) 436169.
Осы телефон нөмірлері арқылы «Астана-Щучинск» тас жолының бойындағы сервистік қызмет нысандарының орналасқан жері туралы ақпарат алуға және бұл нысандарға кірген кездегі туындайтын проблемаларды хабарлауға болады.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың маусым айында аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің қатысуымен «Астана-Бурабай» тас жолы бойында санитарлық талаптарға сай әрі қазіргі заманғы сервистік қызмет павильондарының алғашқысы орнатылған болатын.