«Астана - Щучинск» күре жолына қосымша 25 техника сатып алынатын болады

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Биылғы жылы ақылы «Астана - Щучинск» күре жолын қардан тазалау, жол белгілерін таңбалау және ағымдағы жөндеуден өткізіп отыру үшін қосымша 25 техника сатып алынатын болады.

Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Бековтың айтуына қарағанда, биылғы жылы қар көбірек үйілетін учаскелерде қартежегіш тосқауыл қалқандар орнату және болашақта жол бойына ағаш отырғызу жоспарлануда.

«Астана - Щучинск» автобанының 31 мамырдан бастап күтіп ұсталуы дербес жүргізіле бастады. Атап айтқанда, магистральді, белгілер мен тосқауыл қоршауларды жөндеу, жол белгілерін таңбалау, қоқыс пен қардан тазарту жұмыстары осы жолмен жүріп өтуден түскен ақша есебінен жүргізіледі. Ал, бұл мақсатқа бұрын бюджеттен бөлініп келген қаржы өңірдің басқа жолдарын жөндеуге жұмсалатын болады.

Автобанды жыл сайын күтіп ұстау үшін 1,3 млрд. теңге, оның ішінде қысқы маусымда күтіп ұстау үшін 528 млрд. теңге қажет екендігін атап өткен жөн. Өткен қысқы мерзімде бюджеттік қаражаттың шектеулігіне және жөндеуді қажет ететін жолдардың көптігіне байланысты бұл автобанды күтіп ұстау үшін небәрі 241,4 млн. теңге бөлінген болатын.