Астана шетелдік туристерді несімен таңғалдырады

АСТАНА.KAZINFORM – Қазір Астанаға қаланы арнайы аралап, көрікті жерлермен танысу үшін келетін шетелдік туристердің саны артып келеді. Бұндай пікірді Skyway туроператорының жетекшісі Әсем Қозбағарова AIMAQ подкастының жаңа шығарылымында айтты.

Фото: Kazinform/ЖИ

Сарапшының айтуынша, көп жыл бойы қалаға келетін туристердің басым бөлігін іскерлік кездесулер мен түрлі іс-шараларға қатысушылар құраған. Алайда қазір саяхатшылардың қызығушылығы өзгеріп, Астананы арнайы аралап көруге ниетті қонақтар көбейіп келеді.

– Қазірдің өзінде туристердің қызығушылығы өзгеріп жатқанын байқап отырмыз. Қаланы өз көзімен көргісі келетін саяхатшылар көбейіп келеді. Себебі Астана өзінің ерекше сәулетімен шынымен де таңғалдырады, – деді Әсем Қозбағарова.

Бұдан бөлек, танымал өнер иелерінің концерттері мен түрлі спорттық жарыстар да туристердің қызығушылығын арттырып отыр. Туроператор жетекшісінің айтуынша, мұндай іс-шараларға Қазақстан азаматтарымен қатар, шетелден де қонақтар арнайы келеді.

Жазғы және қысқы Астана – екі түрлі туристік бағыт

Қысқы туризм де Астана үшін жаңа мүмкіндіктердің біріне айналып келеді. Қыс мезгілінде туристер саны азайғанымен, сарапшы мұны қысы қарсыз өтетін елдердің тұрғындарына елорданы таныстыруға жақсы мүмкіндік деп санайды.

– Жазғы және қысқы Астана – екі түрлі туристік бағыт. Сондықтан біз елорданы жазда да, қыста да өзіндік ерекшелігі бар екі бөлек бағыт ретінде таныстырып, насихаттай аламыз, яғни, туристер Астанаға жылына екі рет келіп, әр мезгілде қаланың өзгеше келбетін тамашалай алады, – дейді Әсем Қозбағарова.

Жаз мезгілінде туристерге қаланың сәулетімен, ашық қоғамдық кеңістіктерімен танысу, фестивальдер мен спорттық іс-шараларға қатысу ұсынылады. Ал қыста қар басқан қаланың көрінісі, түрлі ойын-сауық түрлері мен мәдени бағдарламаларға басымдық беріледі.

Әсем Қозбағарованың айтуынша, жаз мезгілінде атпен серуендеу және атпен ұйымдастырылатын экскурсияларға да сұраныс артып келеді. Өйткені шетелдік саяхатшылардың көпшілігі Қазақстанды жылқы мәдениетімен байланыстырады. Сондықтан бұл бағыт елдің туристік тартымдылығын арттыратын қосымша артықшылық бола алады.

Айта кетейік, ішкі туризм 84,4% өсті.