Астана-Щучье жолындағы 97 көлік апатына кінәлілер анықталған жоқ
АСТАНА. KAZINFORM – Осы жылдың қаңтарында Астана-Щучье жолында орын алған 97 көлік апатына кінәлілер анықталған жоқ. Бұл туралы Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты.
— Егер «Астана-Щучье» жолында 3 қаңтарда орын алған оқиға жайында айтар болсақ, ол кезде 97 көлік апатқа ұшырады. Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот процесі өтіп жатыр, кінәлілер әлі анықталған жоқ. Алдын ала айтқым келеді, жол қызметі мен жол полициясы қозғалыс қауіпсіздігі үшін қажетті шараның бәрін іске асырды. Дегенмен, камераға тіркелген деректер бар, кейбір жол қозғалысына қатысушы жылдамдықты асырып жіберген, — деді ол.
Оның атап өтуінше, «Алматы-Қонаев» тас жолында шамамен 17 көлік бір мезетте жол апатына ұшыраған. Ол кезде тұман болып, қозғалыс жылдамдығына шектеу енгізілген.
— Онда да жол қозғалысына қатысушылардың жылдамдық режимі асыру фактісі орын алған. Сондықтан қазір процесс жүріп жатыр. Бізге өндіріп алу және өтеу бойынша соттан талап түскен жоқ, — деді Дархан Иманашев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана-Щучье тас жолында жол апаты болып, 40-қа жуық автокөлік соқтығысқанын жазған едік.
Сол күні тас жолдағы жаппай көлік апатында 95-ке жуық автокөлік зардап шеккен еді.