Оның айтуынша, бүгінде қалада абаттандыру, тазалық және экология саласындағы жоғары стандарттарды сақтау үшін Astana Smart City жобасының цифрлық құралдары белсенді пайдаланылып келеді. Жобаның басты мақсаты – қаланың негізгі жүйелерін бірыңғай зияткерлік платформаға біріктіріп, қаладағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға және түрлі оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беру.
– Бүгінде бірыңғай цифрлық жүйеге жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған 60 мыңнан астам бейнекамера қосылған. Олар саябақтарда, аулаларда, мектептерде, қоғамдық көліктерде және қалалық инфрақұрылым нысандарында орнатылған. Сонымен қатар қаланы жан-жақты бақылауға мүмкіндік беретін, бейнені бірнеше есе үлкейтетін алыс қашықтыққа арналған камералар бар. Олар қаланың айналасындағы биік ғимараттарға орналастырылған. Бұдан бөлек, платформаға термокамералар да біріктірілген. Бұл түтіннің пайда болуын және ауқымды төтенше жағдайларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді, – деді ол Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Спикердің сөзінше, бейнебақылау жүйесіне кезең-кезеңімен жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 35-тен астам сценарий бойынша талдау жүргізіледі.
– Бүгінгі брифинг тақырыбына қатысты айтсақ, жүйе қоғамдық орындардың ластануын, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін, вандализм фактілерін және аялдама павильондарының, шағын сәулет нысандарының, жарықтандыру элементтерінің және абаттандыру нысандарының бүлінуін анықтай алады. Сондай-ақ қоғамдық орындардағы заңсыз сауда, қоғамдық тәртіптің бұзылуы, қараусыз қалған заттар, түтін белгілері және басқа да қауіптер тіркеледі, – деді Айбек Ахметбеков.
Ол жасанды интеллект адамның жұмысын алмастырмайтынын, тек оператордың жұмысын жеңілдететін қосымша құрал екенін атап өтті.
– Жасанды интеллект оператордың назарын ықтимал құқық бұзушылықтарға аударады. Ал түпкілікті шешімді оператордың өзі қабылдайды. Яғни оқиғаның шынымен болғанын, жалған дабыл немесе қайталанған хабарлама екенін адам анықтайды, – деді ол.
Айбек Сағидоллаұлының айтуынша, жобаның негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – Астана қаласының ахуалдық орталығы.
– Бұл қаланың барлық бейнекамераларынан, датчиктерінен, IoT құрылғыларынан және көлік қызметтерінің GPS жүйелерінен ақпарат нақты уақыт режимінде түсетін бірыңғай үйлестіру орталығы. Әрбір оқиға бірыңғай алгоритм бойынша қаралады. Алдымен оқиға автоматты түрде немесе оператор арқылы тіркеледі, кейін тексеріліп, жауапты мемлекеттік органға немесе қызметке жолданады. Одан кейін оның орындалуы жүйе арқылы бақыланады. Осылайша барлық қатысушы бірдей ақпаратты көріп отырады, бұл өтініштердің жоғалып кетуіне немесе олардың орындалу мерзімінің созылып кетуіне жол бермейді, – деп қорытындылады спикер.
Айта кетейік, биыл Астанада 122 заңсыз қоқыс орны анықталды.