Астана соты Қашаған операторына берілген Экология министрлігінің нұсқамасын жойды
АСТАНА. KAZINFORM – Елорданың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының Атырау облысы экология департаментіне қарсы нұсқаманы заңсыз деп тану және оны жою туралы әкімшілік ісін қарады.
Істі қарау барысында уәкілетті орган нұсқама шығарған кезде ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген рәсімдік заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды. Бұл аталған нұсқаманы жоюға негіз болды.
Алайда, бұл рәсімдік заң бұзушылықтар жойылуы мүмкін болғандықтан, сот Атырау облысы экология департаментіне әкімшілік рәсімді уәкілетті органның құқықтық ұстанымын ескере отырып аяқтау міндетін жүктеді, бірақ экологиялық заң бұзушылықтардың мәні талқыланған жоқ.
Сонымен қатар, нұсқаманың рәсімдік талапты сақтамауына байланысты жойылуы экологиялық заңнама нормаларының бұзылмағанын автоматты түрде білдірмейді.
Сот бұл істі қарау барысында Экология департаментінің анықтаған заң бұзушылықтар бойынша тұжырымның негізділігіне немесе негізсіздігіне баға берген жоқ.
Осылайша, сот шешімі экология департаменті анықтаған заң бұзушылықтардың мәніне әсер етпейді және уәкілетті орган рәсімдік кемшілікті жойған жағдайда қайта әрекет ету мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Біз осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрлігінен түсініктеме сұрадық. Ведомство аталған жағдайға қатысты сот шешімінің ресми көшірмесін алғаннан кейін түсініктеме берілетінін хабарлады.
Еске салайық, былтыр Қазақстан Қашаған операторынан талап етіп отырған соманы 160 млрд долларға ұлғайтты.
Айта кетсек, Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылады.