Астана соты жаңа вагон сатып алмаған теміржол компаниясын субсидиядан айырды

Фото: СҚО әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының соты жолаушыларды теміржолмен тасымалдауға арналған ұзақмерзімді субсидиялау шарты бойынша мемлекеттік орган мен жеке компания арасындағы дауды қарады.

Іс тасымалдаушының шартта көзделген вагон паркін жаңарту міндеттемесін орындамауына байланысты қозғалған.

- Шартқа сәйкес, компания жаңа вагондар сатып алып, мүгедектігі бар жандарға бейімделген құрамдарды енгізуге тиіс болған. Алайда субсидия алғанына қарамастан, тасымалдаушы тек бұрын пайдаланылған, жөнделген вагондарды ұсынған, - деп жазды соттан.

Бірінші сатыдағы сот бұл әрекетті шарттағы «жаңарту» ұғымына жатқызуға болатынын айтып, тасымалдаушыны қолдады. Алайда апелляциялық сот бұл шешімді жойып, шарт мақсаттары ескерілмегенін алға тартты. Жолаушылар тарапынан вагондар жай-күйіне қатысты көптеген шағымдар тіркелген.

Нәтижесінде сот шартты мемлекеттік орган пайдасына бұзып, бюджеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын заң бұзушылық деп таныды. Бұл шешім қызмет сапасын арттыру және шарттық міндеттемелердің нақты орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұған дейін Алматы-Қостанай бағытындағы ақауы бар вагон «Жолаушылар тасымалына» тиесілі болып шыққанын жазғанбыз.