Ведомствоның мәлімдеуінше, Тұран және Қабанбай даңғылдарында 15 ақпан күні сағат 21.00 мен 00.00 аралығында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады.
Сонымен қатар, Тұран және Қабанбай көшелерінің бойына, «Сарыарқа» велотрегі, «Астана-Арена», «Барыс-Арена» және «Алау» спорт кешендеріне тиесілі учаскелерге көлік қоюға тыйым салынатыны хабарланды.
ІІД Әкімшілік полиция басқармасы, Жолаушылар көлігі басқармасы мен «Астана ЛРТ» ЖШС бірлесе отырып жанкүйерлерді «Астана-Арена» стадионына жеткізу және жинау мақсатында төрт арнайы нүкте ұйымдастырады. Олар: «Қазақстан» СК, Астана қаласының циркі, «Жастар» сарайы және «Нұр-Астана» мешітінің автотұрағы.
Жанкүйерлерді үйлеріне жеткізу жұмыстары да осы автобустар арқылы және Қабанбай батыр даңғылындағы бағдарлық автобустармен жүзеге асырылмақ. Қоғамдық көлікке стадионның оңтүстік-шығыс жағынан отыруға болады.
«Стадион маңындағы көшелерде көлік ағынының ұлғаятынына байланысты, матчты тамашалауға келген жүргізушілерге Қабанбай батыр және Тұран даңғылдары бойындағы қозғалыстарын алдын ала жоспарлап алуды ұсынамыз. «Астана-Арена» стадионының көлік тұрағында орын болмаған жағдайда «Алау» (Қабанбай батыр жағынан), «Барыс Аренаға» (Тұран жағынан) көлік қоюға болады. Сонымен бірге қауіпсіздік мақсатында Тұран көшесінен өтетін уақытша жаяу өткел ұйымдастырылады», - деп хабарлайды ІІД.
Естеріңізге сала кетейік, «Спортинг» клубы «Астананың» Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіндегі қарсыласы болып саналады. Командалар 15 ақпанда Қазақстанда, 22 ақпанда Португалия астанасы Лиссабонда кездеседі.