Астана спортшылары жыл басынан 4 мыңнан астам медаль жеңіп алған
«2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Астана құрамасының спортшылары 4 мыңнан астам медаль жеңіп алды. Тек Қазақстан чемпионаттарында елордалық спортшылар 3 000 жүлделі орын алып, республикалық деңгейдегі біріншіліктерде 2 873 медаль, халықаралық жарыстарда 472 медаль иеленді», - деді С. Жылқыбаев Астана қаласы коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Биылғы жылдың жарқын спорттық жетістіктерінің қатарында боксшылардың әлем чемпионатындағы айтулы жеңісін, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионатында жетістікті, сондай-ақ әйелдер арасындағы бокстан әлем біріншілігінде екінші және үшінші орынды жеңіп алу оқиғаларын айтуға болады. Елорда спортшыларының панкратионнан әлем біріншілігінде және жасөспірімдер арасындағы ММА аралас жекпе-жектен әлем чемпионатында өнер көрсетуі сәтті болды.
Самат Жылқыбаевтың айтуынша, жылдың бірінші жартысы параспортшылардың жарқын жетістігімен есте қалған. Токио қаласындағы халықаралық жарыста жерлестеріміз төрт медаль қанжығалап, Италияда өтетін әлем біріншілігіне жолдама алды. Дүбірлі додаға 18 елдің спортшылары қатысты. Дзюдодан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары Азия чемпионатының жеңімпаздары атанды.