«24-30 тамыз аралығында Астанадағы «Алау» мұзайдынында елімізде әлем біріншілігі өткізіледі. Бұл додаға әлемнің 140 елінен спортшылар қатысады. Атап айтқанда, бұған дейін Қазақстанда спорттың өзге түрлерінен де әлем чемпионаттары өткенін білесіздер және бұл жарыстардың ұйымдастырылуы деңгейі жоғары бағаланған болатын. Елбасының жүргізіп жатқан саясатының арқасында, спортты дамытуға назар аудару деңгейіміздің нәтижесінде халықаралық қоғамдастық бізге үлкен сеніммен қарап отыр»,-деді министрдің орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, жеті күнге жалғасатын сайысқа барша әлем елдері мен Қазақстаннан жанкүйерлер келіп жатыр және бүгінде билеттер түгел сатылып кеткен екен. Өз кезегінде Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер осыған дейін Астанаға бірнеше мәрте сапармен келгенін және шаһар қатты ұнағандықтан әлем біріншілігін осында өткізуге таңдау түскендігін атап өтті. «Бұл әлемдік ірі чемпионаттардың бірі болып отыр, себебі осында 900-ге жуық спортшы қатысатын болады. Атап айтқанда, дзюдо күресінен Қазақстанда өткелі тұрған әлем чемпионаты елдеріңізде спорттың бұл түрінің дамуына жаңа серпін беретіндігіне сенімдімін»,-деді М. Визер.
12:26, 22 Тамыз 2015
Астана спорттан әлемдік додаларды өткізуге ыңғайлы қала - Халықаралық дзюдо федерациясы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда әлемдік деңгейдегі шараларды өткізуге халықаралық спорт федерациялары үлкен сеніммен қарап отыр. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визерді қабылдауы алдында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков мәлім етті.