Астана стансасының ЖІІБ қызметкерлері мал ұрлап, үй салуға ақша жинаған барымташыны ұстады

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Астана стансасының ЖІІБ полиция қызметкерлері барымташылықпен айналысып, құқыққорғау органдарына бір жылдан астам уақыт бойы ұстатпай жүрген Алматы облысының 35 жастағы тумасын қолға түсірді.

Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Ведомствоның жазуынша, барымташы 11 ай бойы бір шағын шаруашылықтың қожайынына жалданып, малын бағып беріп жүрген. Мал иесінің сеніміне әбден кіріп алған соң, ол малдарды жергілікті базарға біртіндеп апарып сата бастаған. Сөйтіп өзінің үйін салу үшін ақша жинаған. Ол бақташы болып жұмыс істеген кезінде 60 бас қой, 40 қозы, 4 сиыр мен 10 ешкіні сатып жіберіпті. Мал иесіне келтірілген шығын 3 625 000 теңгеге жеткен көрінеді.