«Астана су арнасы» кәсіпорнында арнайы техникаға тексеру жүргізілді

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Уәлихан Досаев бастаған комиссия осы шаруашылықтағы техниканың жай-күйіне тексеру жүргізді, оған сондай-ақ ведомстволық бөлімшелер бастықтары да қатысты.

Бұл туралы кәсіпорынның баспасөз қызметінен хабарлады.

Мекеменің мұндай кешенді тексерулер жүргізуде тәжірибесі мол. Тексеруге ағымдағы апаттарды жою үшін пайдаланылатын алдыңғы қатарлы техникалар ұсынылды. Кәсіпорынның жөндеу бөлімшелері жабдықталған арнайы техниканың мүмкіндіктері, шағын механикаландыру мен телеметрияның құралдары нағыз парадты еске түсіргендей болды.

Кәсіпорынның басшылығы техниканы, оның жұмыс жағдайын, жүргізушілердің және жұмысшылар бригадасының кәсіпқойлығын мұқият тексерді. Уәлихан Досаев кәсіпорынның жұмысшыларына ағымдағы жұмысты жоғары деңгейде жүргізудің маңыздылығын ескертті. Ауыр жүк техникаларына ерекше назар аудару қажет. Желілерге жаңа заманауи техниканың көмегінсіз сапалы қызмет көрсету мүмкін емес. Бүгінгі таңда компания арнайы техниканың алуан түрлерін пайдалануда, олар үнемі жаңартылып отырылады.

- Алдыңғы қатарлы техникаларды игеру - қала үшін ең маңызды қадам. Бұл апаттық жағдайларды жою мерзімін қысқартып, желілерге сапалы қызмет көрсетуге мүмкін беретін болады. Ал инвестициялық бағдарламаның одан әрі дамуы келешекте сумен қамтамасыздандыру және кәріздендіру бойынша қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартуға және қаланың экологиялық қауіпсіздігін арттыруға жағдай жасайды. Қорыта келгенде, бұл Астана қаласының барлық тұрғындары өмірінің сапасына жақсы жағынан әсер етеді, - «Астана су арнасы» МКК бас директоры Уәлихан Досаев техниканы қарап тексеру барысында.

- Астаналық су арнасы шетел өндірісіндегі арнайы техникасының барлық түрлерімен қамтамасыз етілген. Біз тәуліктің кез келген уақытында, толықтай автономды түрде жұмыс жасай отырып, мәселен, электр энергиясы болмаған жағдайда да апатты жоя аламыз. Біздің мамандар құбырлардағы зақымдарды қысыммен, яғни тұтынушыны ажыратпай-ақ жояды. Бұл - өте жақсы көрсеткіш, - деді бас директордың бірінші орынбасары А.Елжасов.

Кәсіпорын мамандары түрлі ауа райы жағдайларында кез келген жағдайларды орындауға дайын. Бұған қарап тексеру соңында жиналғандардың барлығы жұмысшылар бригадасы оқу апатын жылдам жойғандығын көру арқылы көз жеткізе алды. Кәсіпорын қызметкерлері Астана қаласы тұрғындарына күнделікті тоқтаусыз қызмет көрсете отырып, нақты жағдайларда да өз кәсіпқойлығын арттыра түсуде.