Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Мәуленбердиев айтты.
«Биыл қаңтар айында су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы басталды. Тұрғын үй секторының тұрғындары қажетті ақпаратпен қамтылып, қауіпті учаскелерде 120 рейд жүргізілді. Бүгінге дейін коммуналдық қызметтер қаладан 6,5 млн текше метрден астам қар шығарып, 55 мыңнан астам метр арық-науа желісі, 9 мыңнан астам метр коллекторлар, 2 мың дана жаңбыр қабылдау құдықтары тазартылды», - дейді спикер.
Белгілі болғандай, «Астана Тазалық» базасында көлемі 2,5 мың текше метр құм және ағаш инертті материалдар қоры дайындалған. Тағы 11 мың текше метр инертті материалдарды жеткізуге келісімшарт бар. Төтенше жағдай кезіңде азық-түлік пен жанар-жағармай материалдарын жеткізуге 12 меморандум жасалған. Жалпы саны 2 260 орындық халықты орналастыру мақсатында 7 қонақ үймен меморандумға қол қойылған.
«Су тасқыны құбылыстарына жедел әрекет ету мақсатында жеке құрамнан 599 адам, 156 техника, 65 мотопомпа жұмылдырылып, азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы тобы құрылды», - деді Бақытжан Мәуленбердиев.
Төтеншеліктер қала тұрғындарын үй маңындағы аумақтан көшенің жол бойындағы бөлігіне қарды уақытылы тазалауға, үйден ағынды суларға немесе су өткізгіш құбырларға су бұрғыштар орнатуға шақырады. Үйді су басқан жағдайда iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына «109» нөмірі арқылы хабарласу керек.