Астана суық, министрлер де ауырады - Б.Шәріп

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президент істері басқармасының медициналық орталығына қарасты аурухана бас дәрігерінің стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Берік Шәріп ҚазАқпарат тілшісімен әңгілемесе отырып, негізінен мемлекеттік шенеуніктерге арналып салынған бұл аурухана қарапайым халыққа да сапалы қызмет көрсетіп отырғанын айтып берді.

«Президент істері басқармасының ауруханасы болғандықтан, біз мемлекеттік қызметкерлерді қабылдайтынымыз анық. Алайда, былтыр, 18 наурыз күні осы аурухананы аша отырып, Мемлекет басшысы жаңа технологиясы толып тұрған, инновацияға сүйенген бұл аурухана қарапайым, халыққа да қолжетімді болсын деп тапсырма берген болатын. Сондықтан, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігімен келісімшарт жасасып, қарапайым халыққа, яғни, республиканың ересек тұлғаларына қызмет көрсететін болдық. Былтыр 9 айда 4 мыңнан аса операция жасасақ, соның көбінде мемлекеттік қызметкерлер емес, қарапайым халық көмек алған»,-деді Б.Шәріп бізбен әңгімелесе отырып.

Оның айтуынша, ауруханада тіпті шетелдік науқастарға да қызмет көрсете алады екен. Әрине, тегін емес.

«Ауруханадағы қызмет құнына тоқталатын болсақ, біз Қазақстандағы ауруханалардың барлығына бенч-маркинг жүргіздік. Сондықтан, біздің ауруханадағы баға еліміздегі басқа кез келген орталықтан, мемлекеттік, жекеменшік ауруханалардан қымбат баға сұрамайды»,-деген Б.Шәріп қызмет алудың орташа құнын жария еткен жоқ.

Мемлекеттік қызметкер ретінде министрлер мен вице-министрлер «шенеуніктерге арналған» ауруханаға қаншалықты жиі келеді деген сұраққа ол: «министрліктердің басшылары, вице-министрлер, бәрі де біздің емханада қаралады. Бәріміз адамбыз ғой. Астананың қандай суық екенін білесіздер, сондықтан, шенеуніктер де ауырып, біздің емханаға келеді. Ал, бірақ, ақ халаттылардың беретін Антына сәйкес, мен ол кісілердің аты-жөнін айта алмаймын. Бірақ айтарым, шенеуніктер шетелде емес, біздің аураханада, басқа да қарапайым халықпен бірге ем қабылдайды» деп жауап берді ол.