Астана табысты өңірлердің көшін бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары елорда ішкі, сонымен қатар сыртқы капитал үшін инвестициялық магнитке айналып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бір жылдың ішінде елордада сыртқы инвестиция көлемі 7,4 есе артып, 101,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Бюджеттің кіріс бөлігіндегі салық түсімдерінің үлес салмағы 38,4 пайыздан 63,3 пайызға жоғарылады. Соңғы 10 жылдың ішінде 2017 жыл Астана бюджетінің кірісі үшін рекордтық көрсеткіш болды. Ол 2016 жылғы 405,9 млрд теңгеден 469,4 млрд теңгеге дейін жетті», - делінген таратылған мәліметте.

2014 жылға дейін қала бюджетін толықтырудағы негізгі көзі трансферт болып келді. Оның дағдарысқа толы болған 2008 жылы 74,5, ал 2014 жылы 55,8 пайызды құраса, салық түсімдерінің үлесі 40 пайыздан аспаған еді.

«Дегенмен, Астананың бюджеттік субсидиялауға тәуелділігі төмендеп келе жатыр. 10 жылдың  ішінде трансферттердің салмағы 2017 жылдың соңына қарай 48 пайызға дейін қысқарды. Ал 2018 жылдың қаңтар-сәуірінде трасферттер не бәрі 38,4 пайыз болса, салық түсімдері 63,3 пайызға жетті. Соңғы жылдары Астана ішкі, сонымен қатар сыртқы капитал үшін де инвестициялық магнитке айналып отыр. 2018 жылдың қаңтар-мамырындағы елорданың негізгі капиталының жиынтығындағы инвестиция 335,4 млрд теңгені құрады. Бұл соманың ішінде негізгі капиталға салынған сыртқы инвестицияның үлесі 30,2 пайызға (101,3 млрд теңге) тең», - деп атап өтілген талдауда.

Елорданың негізгі капиталын сырттай қорландырудың рекордтық өсімі көп жағдайда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін табысты өткізумен, сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығының ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі белсенді қызметімен байланысты.

Сарапшылардың айтуынша, 2017 жылы қаржы орталығы аясында 10 елмен меморандумдар мен келісімдерге қол қойылған.

2017 жылдың қорытындысында Астананың жалпы өңірлік өнімі 5,8 трлн теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы 4,9 трлн теңгеден 18,5 пайызға көп.