Бұл туралы елорданың 15 жылдығын мерекелеу жөніндегі медиа-штабтан хабарлады.
Астананың 15 жылдық мерейтойына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестивалі аясында Астаналық цирк қала тұрғындары мен қонақтарына цирк «жұлдыздарының» және әлемдік деңгейдегі үздік жүргізуші әртістердің қатысуымен бірегей бағдарлама ұсынуды жоспарлап отыр.
Бұл Ресей, Италия, Беларус, Германия, Латвия, Украина, Өзбекстан, Қытай және Қазақстанның үздік цирк нөмірлерінің жиынтығы болмақ. Фестиваль бағдарламасында әуе гимнасшылары, аттракциондар, экзотикалық жан-жануарлар, асқан шебер жонглерлер, акробаттар және сайқымазақтар бар. Цирк балалық шақты еске салып, таңғажайыпқа сендіріп, адамның мүмкіндігінің шексіздігін тағы да бір дәлелдей түседі.
Қазылар алқасының құрамында Италия, Беларус, Украина, Германия, Қытай, және ТМД елдеріндегі цирк өнерінің танымал тұлғалары бар. Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестивалі цирк өнерінің һас шеберлері мен жанкүйерлерінің назарын өзіне аудармақ.