«Астана таңдауы» байқауы қажет мамандықтың беделін арттырады

АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - «Астана таңдауы» байқауының өткен жылғы «Педагог» аталымы бойынша жеңімпазы - Мария Шокубасова аталған байқау қажетті мамандықтың беделін арттыратынына сенімді.

Осыдан бір жыл бұрын Астана қаласындағы №10 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Мария Шокубасова өз шәкірттерінің ата-аналары оның кандидатурасын «Астана таңдауы» байқауына ұсынғандығын естіп, таңғалғаны бар. Тіпті, бұл ұсынысты әріптестері жаппай қолдағанда, оған бұрын бітіріп кеткен оқушыларының ата-аналары алғашқы мұғалімдерін ұмытпай дауыс бергенде оның таңғалысы еселеніп, бойын бір шаттық сезімі биледі. Халықтың таңдауынан кейінгі өз өміріндегі өзгерістер туралы ол astana.kz. сайтына әңгімелеп берді.

- «Астана таңдауы» байқауындағы жеңісіңіз жұмысыңызға қалай әсер етті? Жұлдыз ауруына ұшыраған жоқсыз ба?

- Мен өз жұмысыма өте сын көзбен қараймын. Мақтанғаным емес, үнемі өзіме-өзім көңілім толмай жүреді. Бірде автобуста келе жатып, өз мамандығының үздігін таңдайтыны туралы хабарландыруды оқып, осындай пайдалы бастамаға өте қуанғаным бар. Менің әкем кеңестік дәуірде озат механизатор болып, көптеген марапаттарға ие болды. Ол кезде жұмысшы мамандығын, мұғалімдерді айырықша құрметтейтін. Олар қоғамда беделге ие болды. Қазір де халықтық дауыс беру жолымен жеңімпазды анықтау - бұл әділдік деп ойлаймын.

- Бүгінгі күні ұстаздық етуден бөлек, немен айналысасыз?

- Сарапшы ретінде оқулықтар әзірлеуге қатысамын. Ғалымдар теориясын құрады, ал біз тәжірибеден өткіземіз. Оқулықтардың қызықты әрі танымды болуына мән береміз. Баламен досыңдай әңгімелесу керек. Кей әріптестерім маған бала сияқтысың дейді, бұған үнемі балалармен жұмыс жасайтыным себеп болар. Дегенмен, өзімді қатал мұғалім ретінде сезінемін.

- Мұғалім болу бала күнгі арманыңыз ба еді?

- Жоқ, бала күнімде есепші болғым келетін. Алайда, әдебиет пәнінің мұғалімі сабақты қызықты етіп өткізетін, үнемі соған еліктейтінмін.

- Байқауда жеңіп шыққан соң әйгілі бола бастадыңыз, сізбен санаса бастады. Білім беру саласында қандай өзгерістердің болғанын қалайсыз?

- Қағазбастылықтан арылу керек, өйткені қағаз толтыруға көп уақыт кетеді. Мұғалімдер уақытының басым бөлігін есеп берумен өткізеді. Жазуды азайтып, оның орнына шығармашылыққа көп уақыт бөлу керек. Мұғалімнің жұмыс істеуіне жағдай жасап, оның беделін көтеру керек.

«Астана Тандауы» 2013 байқауын ұйымдастырушылар «Педагог», «Қоғамдық көлік жүргізушісі», «Учаскелік инспектор», «Дәрігер», «Энергетик», «Жол жөндеуші» және «Құрылысшы» салаларының ең үздік мамандарын іздейді. Егер де танысыңыз жайлы баяндағыңыз келсе, мына мекен-жайға хабарласыңыз: 010000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 25-үй, 401-кабинет немесе электрондық пошта astana-tandauy-2013@mail.com . Егжей-тегжейлі ақпарат алу үшін мына телефондарға хабарласыңыз 8 (7172) 910-842, 910-845 (факс).