***
Астана күніне арналған шараларды 900 мыңнан астам адам тамашалады
Биыл Астана күні кең көлемде атап өтілді. 70 астам шараны дайындауға және өткізуге 20 мыңнан астам адам тартылды. 30 алаңда ұйымдастырылған шараларды бірнеше күннің ішінде 900 мыңнан астам тамашалады. Ал концерттік бағдарламаларға 3,5 мыңға жуық қазақстандық және шетелдік әртіс қатысты.
Биыл көшеде өткізілген шаралар көп болды. Атап айтқанда, «Яблоко» алғашқы отбасылық шығармашылық фестивалі, жастарға арналған спорттық жарыстар, мерекелік концерттер, аспаздық фестивалі, түрлі көрмелер мен жәрмеңкелер.
Ал отшашу тұңғыш рет үш жерде ұйымдастырылды: Есіл өзенінде Елордалық паркке қарсы, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының жанында, сондай-ақ, «Қазақстан» СК жанындағы алаңда. Суда ерешке эффектілер жасалды: Есіл өзенімен отты кемелер жүзіп өтіп, Астананың символы «Бәйтерек» бейнесі пайда болды. Мерекелік отшашуды ұйымдастыруға 20 кәсіби пиротехник маман тартылды. Аспанға 5 мыңға жуық снаряд атылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Елорда күні жоғары деңгейде атап өтілді. Ал Құқық қорғау органдары бұл күндері қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайлары тіркелмегенін хабарлады. Қалалық қызметтер мен бөлімшелердің тығыз әрі өзара байланысты жұмыстарының нәтижесінде мереке жақсы ұйымдастырылды. Олардың бәрінің де міндеті бір әрбір елорда тұрғыны мен қонағы үшін Астана күнін есте қаларлықтай ерекше етіп өткізу.
Мерекелік іс-шараларға қатысу үшін 23 шет мемлекеттен мейман келген
Мерекелік іс-шараларға қатысу үшін Қазақстанның өзге өңірлерінен және 23 шет мемлекеттен 2000 астам мейман келген. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
5-7 шілдеде елордада концерттер, көрмелер, халықтық серуендердер өткізіліп, мерекелік отшашу болды. Қалалық ірі парктерде, «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда, «Бәйтерек» монументінің және «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанында, Есіл өзенінің жағасында ұйымдастырылған шараларға мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтары қатысты. Астанаға келген шетелдік меймандар қаланың сәулетіне тәнті болып, мерекеден алған әсерлерімен бөлісті.
«Экстрим толқыны» фестиваліне 800 астам адам қатысты
Қазақстандық хип-хоп мәдениеті мен спорт өкілдері де Қала күнін мерекелеу шеңберінде «Экстрим толқыны» атты көше билерінің фестиваліне үлес қосты. Дәстүрге айналған шараға биыл 800 астам адам қатысты. Жалпы 90 жуық командаға біріккен ұл-қыздар паркур, стрибол мен граффитиден шеберлік байқасты. Бұдан басқа, скейтбордшылар мен би-боилар да өз өнерлерін ортаға салды.
Паркурда бас жүлде үшін 200 қатысушы жарысқа шығып, алматылық Владимир Малашин топ жарды. Екінші орында астаналық Иван Черноусов, ал Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Анвар Сұлтанов үшінші орын алды. Жанкүйерлер үшін қызықты сайыстардың бірі граффити жарысы болды. Сурет шеберлеріне берілген 6 машина жарыс соңында шығармашылық ойдың теңдессіз нысанына айналды. Бұл жарыста алматылық Ғалымжан Балсары жеңіске жетті. Ұйымдастырушыларға қатысушылардың жұмыстары ұнағаны соншалық, олар қала төрінде өз орындарын тапты.
"Қайырлы кеш, Астана!" жастар бағдарламасы ұйымдастырылды
Шара елорданың бірнеше алаңында өткізілді: 5-7 шілдеде «Астана-Бәйтерек» монументінің алдында, Студенттік және Жерұйық паркінде сағат 20.00-23:00 және 7 шілдеде сағат 20.00-23:00 Әкімдіктің алдындағы алаңда. Отандық шоу бизнес өкілдері елорда тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады. Шараға қатысушылар қазіргі заманғы түрлі бағыттардағы әлемдік би музыкаларын, соның ішінде «ретро» және «этно» әуендер тыңдады. Бағдарламада Мемлекеттік филармония әртістері, Астана қаласының жеке орындаушылары, қазақстандық эстрада жұлдыздары, сондай-ақ, диджеинг шеберлері өнер көрсетті.
Көңілді жүргізушілер, жарықты және лазерлік инсталляциялар, конфетти нағыз жастар мерекесін - ашық аспан аясында үлкен би кешін ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Астаналық мұражайларда ашық есік күні өтті
7 шілдеде С.Сейфуллин атындағы мұражайда, «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде және «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде Ашық есік күні аясында елорда тұрғындары мен қонақтары түрлі экспозициямен танысты.
Сонымен қатар, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Астана мақтанышымыз» екі күндік мерекелік концерт ұсынылды. Елорданың 16 жылдығына арналған шара 6 және 7 шілдеде өтті.
Астананың дамуы еліміздің жастарының қолында. Шараның басты мақсаты туған жеріне және елордасына деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыру болған еді.
«Summer Jazz Astana» концертінде аты аңызға айналған жұлдыздар ән шырқады
7 шілдеде сағат 17.00 Конгресс-Холлда «Summer Jazz Astana» джаз музыкасының концерті өтті. Джаз стиліндегі музыка жұлдыздары аталмыш мерекенің қатысушылары мен қонақтары болды. Концертке аты аңызға айналған Level 42, еуропалық танымал джаз ұжымы Mezzoforte өнер көрсетті. Бұл фестиваль Қала күнін мерекелеу аясында өткізілетін ең танымал мәдени оқиға ретінде есте қалды.
Концерттің басты қонақтарының бірі бүкіл әлемге 30 миллион жазбасын сатқан, 18 әнжинағы әрі 40 үздік хиттерінің жиырмасымен әйгілі, Ұлыбританиядағы ең ықпалды топ саналатын, атышулы «Level 42» тобының негізін қалаушы Марк Кинг. Шараның тағы да бір қонағы танымал еуропалық джаз ұжымы «Mezzoforte» тобы болды. Итальян тілінен аударғанда «Mezzoforte» - «аса қатты емес» деген мағына береді. Бұған атышулы топтың миллиондаған тыңдармандары «алайда өте сапалы» деген баға беруде.
«Ән жүрегім, Астана!» жеңімпаздары аталды
Астана күні қарсаңында «Ән жүрегім, Астана!» республикалық ән байқауының қатысушылары тыңдайшылар назарына елордамыз туралы 25 авторлық ән ұсынды. Кеше Гала-концертте байқауда топ жарған орындаушылардың есімдері аталды.
Астаналық «Тенгри» тобы үздік атанды. Екінші орында елордалық «Ұмай» тобы және үшінші орында қостанайлық Әсел Іргебай. Орал қаласының әншісі Нұрсұлтан Қарабалиев Гран-при жүлдесіне ие болды.
Сонымен қатар, «Ән жүрегім Астана!» республикалық ән байқауында өнер көрсеткені үшін «Үміт» аталымы бойынша Әкімхан мен Милана дуэті (Астана қ.), әнге өзіндік үн қосқаны үшін Азамат Сатханов (Павлодар қ.), заманауи өнер көрсеткені үшін Ақмаржан Байназарова (Астана қ.), «Үздік мәтін» аталымында Айдана Каткешова (Семей қ.) дипломмен марапатталды.
«Ән жүрегім, Астана» байқауының гала-концертінде «Арнау», «Кешью» топтры, Әли Оқапов, Луина, Маржан Арапбаева, Тамара Асар, Марат Омаров, Зарина Омарова, Серік Ибрагимов, Ерлан Көкеев пен «К7» тобы өнер көрсетті.
Айта кетейік, бес жыл бойы аталмыш байқау жас орындаушылардың, композиторлардың және авторлардың жұлдызын жағып келеді. Осы уақыт ішінде Астана туралы 100 астам ән жазылды. Елордамыз жастардың шығармашылығына шабыт береді деп сеніммен айта аламыз.
Елорда күні дүниеге келген балаларға сыйлықтар мен «Қуан Сәби» бір реттік жәрдемақысы ұсынылды
Босанатын әйелдерге дәрігерлік жәрдем беретін мекемелер де Астана күні мерекесін ұнатады. Олар еліміздегі атаулы күні кішкентай елордалықтарға дүние есігін ашуға көмектесті.
Елорда күнінде туған балалар мен олардың аналарына естелік сыйлықтар мен «Қуан сәби» бір реттік жәрдемақысын беру дәстүрге айналды.
Қазақстан мен Ресей әзіл-сықақ жобаларына қатысушылар өзара шеберлік байқасты
7 шілдеде сағат 19.00 Бейбітшілік және Келісім сарайында «Қалалар айқасы» әзіл-сықақ фестивалі өтті. Шара осынау атаулы күні ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаны толықтыра түсті.
Елордалық мерекелік бағдарлама «Қалалар айқасы» әзіл-сықақ фестивалімен толыға түсті. Жекпе-жек барысында отандық танымал телевизиялық жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Фестиваль бағдарламасына әзіл-сықақ бағдарламаларының көшбасында тұрған «Мәссаған» жобасы, «Лица Столицы», «KZландия» скетч шоуы енгізілген. Сонымен бірге «Наша Rusia», «Comedy Club» тележобаларының авторы және айтулы мүшесі Семен Слепаков, және КТК ойындары атынан Сухуми қаласының «Нарты из Абхазии» думанды тобы қатысты.
Жобаға қатысушылар әзіл-сықақ саласындағы өз өнерлерін ортаға салды. Шара соңында «Қалалар айқасы» халықаралық жобасының жеңімпазы анықталды. Кешті жүргізуге «Ресей халықтар достығы университетінің құрамасы» КТК Жоғары лигасының чемпионы Эндрю Нджогу (Мәскеу) және белгілі қазақстандық эүргізуші Дәуіт Шайхисламов шақырылды.
Аспаздық фестивалінде ұлттық тағамдар ұсынылды
Елордада "Аспаздық шеберлерінің ұсталығы - сүйікті қалаға" атты аспаздық фестивалі өтті. Қалалық алаңда өтетін шара екі күнге жалғасты және 6-7 шілдеде сағат 11.00 өтті. Аспаздық фестивалі қалалық қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қызмет көрсету сапасын арттыруға, елорда тұрғындары мен қонақтарын мейрамханалардың аспазшыларының шеберлігімен таныстыруға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара барысында Қазақстан халқының ұлттық тағамдарының кең ассортименті ұсынылады. Сондай-ақ қалалық қоғамдық тамақтану орындарының аспаздық өнімдері үлестірілді.
Астананың туған күнінда 37 жұп некесін қиды
Астана күніне орай салтанатты неке қию рәсімін өткізу игі дәстүрге айналды. Мереке күні «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде бір уақытта 37 жұптың некесі қиылды. Жас жұбайларға арналған құттықтаулар айтылып, «Думан» ойын-сауық орталығында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, сыйлықтар беріліп, жүлделер ұтысы өткізілді. Сонымен қатар, жастар вальс биледі.
Салтанатты неке қию рәсімі Астанада жетінші жыл қатарынан өткізілді. Жас жұбайлар өміріндегі осынау атаулы күннің маңызды мемлекеттік мерекемен байланысты болатынына қуанышты екендерін жеткізді.
Астана аспанына ондаған батпырауық ұшырылды
Батпырауықтар фестивалі елорда тұрғындары мен қонақтары үшін керемет тарту болды. Аталған шара қаламызда алғаш рет Ақбұлақ ауданының саябағында өткізіліп жатыр. Бүгін аспанға теңіз жануарлары, айдаһарлар және басқа да фантастикалық кейіпкерлер мен ұшатын конструкциялар ұшырылды.
Батпырауықтарды аталмыш спорт түрінен халықаралық чемпиондар басқарады. Астана тұрғындары мен қонақтары таза ауада жыландар биіне қанығып, фестивальға өздері де қатысуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, фестиваль шаралар бағдарламасын түрлендіретін ерекше оқиға болып, «жасыл» экономика ұстанымдарын қолдауға бағытталған. Аспанға ұшырылған батпырауықтар бамбук пен өңделген қағаздан жасалды.
Үздік кәсіпкерлер марапатталды
Қазақ «Жақсылық еткен алғыс алады», дейді. Ал, 16 жасқа аяқ басқан Астананың дамуына орасан үлес қосып, әлем астаналарымен терезесі тең түсуіне, бәсекеге қабілетті қалаға айналуына аянбай тер төккен азаматтар аз емес. Қала күні қарсаңында елорданың үздік инвесторлары мен кәсіпкерлері, меценаттары марапатталды.
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
«Кәсіпкерлер ел экономикасының бойына қан жүгіртетін ең қажетті саланың бірі. Қоғам да мұны бүгін толықтай түсінді. Астана күнімен шын жүрегімнен құттықтай отырып, табыстарыңыз жемісті болғай, әрдайым биіктен көріне беріңіздер дегім келеді».
Астаналық «Үздік кәсіпкер», «Үздік меценат», «Үздік инвестор» ұлттық сыйлығы биыл алғаш рет тағайындалып отыр. Жеңімпаздар әлеуметтік жауапкершілігі, қайырымдылық шараларға қатысып, инвестициялық жобалар әзірлеуге қосқан еңбектеріне қарай бағаланды.
Нұрлан Әлжанқұлов, «Үздік кәсіпкер» аталымының жеңімпазы:
«Алит» компаниялар тобы 1992 жылы құрылған. Бүгінгі күні 22 жаста. Кәсіпорында 200 астам адам істейді. Құрылыс материалдарын өндіреміз. Зауытымыз Астана қаласында. Сенімдеріңізді ақтауға тырысамыз».
Елорда көшелерінде жастар фестивалі өтті
Елорданың 16 жылдығы аясында алаңдар мен скверлерде халықтық серуен мен жастарға арналған шаралар ұйымдастырылды. «Мега Астана» ойын-сауық орталығының алдындағы алаңда «Тәуекел толқыны» спорттық демалысы өткізілді. Шара барысында қазақстандық және әлемдік хип-хоп мәдениеті мен спорт өкілдері, паркур, стрит воркаут, стрит бол және роллерлер қозғалысы сынды түрлі экстремалды спорт түрлерінен жеңімпаздар өз шеберліктерін ортаға салды.
Мұндай шаралар жастар арасында спорт пен салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеуге ықпал етті. Фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтары елордалық жастардың тыныс-тіршілігімен, олардың әуестігімен және субмәдениеттердің қазіргі заманғы бағыттарымен танысты.
Астанада «ЭКСПО-2017 шығармашылық бульвары» мерекелік шарасы өтті
6 шілдеде Астана күніне орай «Астаналық» орталық мәдениет және демалыс саябағында (Тұран және Қабанбай батыр даңғылдары арасында) «ЭКСПО-2017 Шығармашылық бульвары» мерекелік шарасы өтті.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын ұзындығы 50 метрлік үлкен картина салуға қатысуға шақырды. Бірегей полотно ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған. Әр адам өзін суретші сезініп, тарихта ізін қалдырып отырды. Картинаны салуға алматылық суретші Серік Буксиков та өз үлесін қосты.
Шара аясында конкурстар, сұрақ- жауап сайыстары, үлкендер мен балаларға арналған биден шеберлік сыныптары, Серік Буксиковтен бейнелеу өнері бойынша шеберлік сыныбы ұйымдастырылып, Астана ЭКСПО-2017 көрмесінен естелік сыйлықтар таратылды.
«Күн Әлемі» қалалық саябақтар фестивалі ашық аспан аясында өтті
Таңертеңнен бастап қалалық саябақтарда мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Табиғат аясында демалу үшін ауа райы да лайықты. Саябақтарда адамдардың демалысына қолайлы жағдайлар жасалған: қоғамдық тамақтану орындары ашылып, «Ауызашар» өткізуге де мүмкіндік бар. Сондай-ақ, спорттық жабдықтар мен балаларға арналған көліктерді, велосипедтерді жалға алуға мүмкіндік берілді.
5-7 шілдеде қалалық саябақтар фестивалі өтті. Оған елорданың ірі төрт паркі қатысты. Ұйымдастырушылардың мақсаты саябақта демалушылардың көңілін көтеріп, оларды қызықты интерактивті жаттығулар мен ойын-сауықтарға тарту болды. Әр саябақта жеке бағдарлама ұсынылды:
«Студенттік» саябағы «Жадымның бұлттары» ретро бағдарламасы.
«Жерұйық» саябағы - «Әлем жұлдыздары» этно бағдарламасы.
Ғашықтар саябағы «Махаббаттың күні» бағдарламасы.
Орталық мәдениет және демалыс саябағы «Жаңа көкжиектер» арт-бағдарламасы.
Таңертеңнен кешкі 23:00 парктерде әр алуан ойын-сауық бағдарламасы өткізілді: байқаулар, отбасылық спорттық жарыстар, флешмобтар, шығармашылық шеберлік сыныптары, суретшілер көрмелері, көше театрларының қойылымдары, кинотеатрлардың ашылуы, шағын шөпте демалыс аймақтары, кешкі би кештері, кинофильмдер көрсетілімі, театрландырылған перфоманстар, ролик тебу және т.б.
Астанада тәтті фестиваль ұйымдастырылды
Бүгін Конгресс-холл сарайында өткен кондитерлер фестивалі аясында келушілердің назарына тәтті-дәмділердің түр-түрі ұсынылды. Шараға кондитерлік өнім шығаратын 20-дан астам кәсіпорын қатысады. Фестиваль аясында 3 аталым бекітілді. Үміткерлердің бәрі де жоғары деңгейде шеберлік танытты. «Үздік торт» аталымында «Апрель» ЖШС жеңіске жетті. «Үздік рәсімдеу» аталымында «Пекарня Мишеля» топ жарды, ал «Үздік кондитерлік өнім» наградасы «Мадлен» кондитерлік дәмханасына бұйырды. Жеңімпаздарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдың негізгі мақсаты Астанадағы кондитерлік өнер дәрежесін арттыру, кондитерлік шеберлікті дәріптеу. Аталмыш шара аспаз шеберлерге өздерінің тәтті туындылары мен таңдаулы тағамдарын кең ауқымда таныстыруға және тәттіқұмар жандарға дәмді мерекені бастан өткеруге мүмкіндік берді.
Фестиваль көрме-жәрмеңке өткізіліп, дайындалған тағамдардан дәм үлестірілді.
Астана қаласы ТЖД өрт сөндірушілер мен құтқарушылар мұражайы ашылды
Қала күні қарсаңында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілер мен құтқарушылар (қайта жаңартылған) мұражайының ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады. Мұражай өзінің бұрынғы орынына №2 Мамандандырылғын өрт сөндіру бөліміне қайта оралды. Жаңа орынжай бұрынғыдан кең, мұнда 3 негізгі бөлім бар.
Көрме залында Астананың өртке қарсы қызметінің құрылу тарихымен танысуға болады. Департаменттің құрылған күнінен бастап барлық басшылардың өмірбаяны жазылған стенд жасалды. Залда 1950 жылы Астанадағы алғашқы өрт сөндіру депосының макеті, офицерлердің салтанатты киімі, өрт сөндірушердің жауынгерлік киімдері, өрт сөндіру-техникалық қару жарақтары: өрт сөндіру оқпаны мен өрт сөндіру жеңі бар.
Сонымен қатар, шара барысында ҚР ТЖМ мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына жаңа қызметкерлер қабылданды. Отанға деген адалдыққа қатардағы және басшы құрамнан 10 қызметкер ант берді.
Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері Қала күніне орайластырылған шараларды тамашалайды
Мерекелік шаралардың кейбірі 5 және 6 шілдеде өтеді. Оны балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар да тамашалай алады. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабынан хабарлады.
Ертең «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда «Шуақты қала» отбасылық фестивалі ашылады. Мерекелік бағдарлама екі күнге жалғасады. Шара барысында «Шапито» циркі өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Ақбұлақ аумағындағы саябақты аралап, батпырауықтар фестивалін тамашалауға болады.
Сонымен қатар, «Magic Astana» халықаралық сиқыршылар фестивалінің бірі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін көрсетіледі. Бағдарлама шеңберінде ағайынды Сафроновтар, «Удиви меня» шоуына қатысушылар, дарынды сиқыршылар Александра Скачкова, Антон Абрашеков, Александр Муратаев, белгілі иллюзионист Павел Карахтанов өнер көрсетеді.
Бұдан басқа, «Украинаның бірінші феномені» атанған Артем Тихевич, менталист Артем Тихевич, жоғары санаттағы қырғыз иллюзионисті Ильдар Ягофаров, сондай-ақ, голландиялық иллюзионисттер «MagicUnlimited» өз бағдарламаларын көпшілік назарына ұсынады.
«Керуен» мотошеруіне қатысушылар Астанаға оралды
Еуропа мен Азия елдеріне саяхат жасаған «Керуен» мотошеруіне қатысушылар Астана күні қарсаңында елордаға оралады. Отандық байкерлердің салтанатты құттықтау рәсімі ертең сағат 11:00 Тәуелсіздік сарайы алдындағы алаңда «Шуақты қала» қалалық отбасылық фестивалі аясында өтеді.
Еске салайық, 2014 жылғы 21 мамырда «Керуен» мотошеруі Еуропаға бағыт алған болатын. Кең ауқымдағы акция қатысушылары 20 елді аралап, Еуропа мен Азия тұрғындарына Қазақстанның басым жобалары туралы жариялап, Астана күні кезінде қалаға оралуы тиіс болатын. Саяхатшылар Ресей, Финляндия, Швеция, Норвегия, Франция, Италия елдерін аралап, басты қазақстандық бастамалар бірегей G-Global алаңы мен «EXPO-2017» халықаралық көрмесі туралы шетелдіктерді таныстыратын кездесулер өткізді.
Ресей, Қырғызстан және Әзербайжан КВН командалары «Астана кубогын» сарапқа салады
Астаанада қала күніне орай ондаған мерекелік шара ұйымдастырылып жатыр. Соның ішіндегі көңілді оқиғалардың бірі «Астана кубогы» екінші қазақстандық КТК фестивалі. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабынан хабарлады. КТК командаларының фестивалі аясында "Сборная РУДН" (Мәскеу), "СОЮЗ"(Түмен), "Азия MIX" (Бішкек), "Қазақстанның жаңа құрамасы" (Астана), "Сборная Баку" (Әзербайжан) командалары жарысқа түседі.
Танымал КВН командалары қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша көңіл-күй, риясыз күлкі сыйламақ.
Мерекелік шара 3 шілдеде сағат 18:00 Конгресс-холлда өтеді.
Елордада «Астанаға тарту» атты еліміздің үздік дәстүрлі ән орындаушыларының концерті өтті
Қазақ ежелден дәстүрлі әндерге бай, оны нақышына келтіре орындайтын таланттарға да кенде емес. Ғасырлар бойы суырып салма ақындар мен жыршы-термешілер халық әндерінің негізін сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған.
Елордада Астананың 16 жылдығы қарсаңында «Астанаға тарту» концерті өтіп, онда Қазақстанның дәстүрлі әндер мектебінің орындаушылары өз өнерлерін ортаға салды.
Көрермендер алдында аймақтардан келген әртістермен бірге өзге мемлекеттерден келген қазақтар да өздерінің орындаушылық шеберліктерін танытты. 4 шілдеде сағат 18.30 Конгресс-холл сахнасында Арсланбек Солтанбек (Ресей), Ерлан Рысқали (Астана), Сержан Мұсайын (Қарағанды), Берік Жүсіпов (Қызылорда), Клара Төленбаева (Астана), Эльмира Жаңабергенова (Астана), Қайрат Кәкімов (Атырау), Жеткізген Сейітов (Маңғыстау), Құрманбек Бекпейісов (Қызылорда), Жәкен Омаров (Шымкент), Ибрагим Ескендір (Астана), Тілеулес Құрманғалиев (Алматы), Ақан Әбдуалиев (Алматы), Ырысты Сүлейменова (Астана), Серік Оспанов (Астана), Алғысбек Дәуен (Алматы) және басқа еңбек сіңірген әртістер мен өнер қайраткерлері ән шырқады.
Дәстүрлі қазақ музыкасының кеші халық әні өнерін сүйер қауымға керемет көңіл-күй сыйлады.
Қала күніне орай шарлармен ерекше футбол жарысы өтті
Қазақстанда жаңа спорт түрі пайда болды - Бампер Бол. Бұл ойынға қатысушылар арнайы сфераларды киіп алып, қарсыласының қақпасына доп соғуға тырысады. Футболдың ерекше түрі көптеген шет мемлекеттерін бағындырып үлгерді. Енді Астана күні қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылмақ.
Ерекше футболдың бірінші матчы 2011 жылдың соңында Норвегияда өткен болатын. Содан бері аттракцион халық арасында кеңінен танымал. Ойын барысында «футболшылардың» аяғы ғана бос болады, сондықтан тепе-теңдікті сақтау қиын. Шармен футбол ойнаудың бар қызығы да сол. Тіпті, жарыс сумо балуандарының күресіне де ұқсайды. Ойынның ұзақтығы - 30 минут. Оған 5 жастан жоғары балалардың да қатысуына боалды. Бұл спорт түрінде жарақаттар болмайды.
Мерекелік шара 5, 6, 7 шілдеде «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтті.
Елордада «Астанадан тағзым» әдеби кеші өтті
3 шілдеде сағат 17.00 «Жастар» сарайында Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің туғанына 120 жыл толуына орай «Астанадан тағзым» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Мерекелік шарада көрнекі жазушыларға арналған бейнесюжеттер көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кештің мақсаты мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын халық арасына кеңінен насихаттау, ұлы тұлғалардың бейнелері арқылы жастардың қазақстандық авторлардың шығармашылығына қызығушылықты ояту болған. Кеште Сәкен Майғазиев, Ардақ Балажанова, Лена Әбдіхалықова, Серік Оспанов және т.б. әншілер ән айтып, жас күйшілер өнерлерін көрсетті.
Астанада жаңа ерекше музей ашылды
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ресми ашылуы еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Ғимарат 74 мың шаршы метрден астам жерде орналасқан және Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей жоба.
Музейдің ашылу салтанаты бүгін өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары 6 шілдеге дейін оны тегін тамашалай алады.
Музейдің шағын мәжіліс залында Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Монғолия елдерінің белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.
Ал үлкен мәжіліс залында «Музейлердің мәдениеттердің жақындасуындағы рөлі» деп аталатын халықаралық ғылыми симпозиум өз жұмысын бастайды. Кеш «Ұлы Жібек жолымен саяхат» бағдарламасымен есте қалмақ. Осы мақсатта музей аумағы Жібек жолында жатқан ортағасырлық қалаларға бөлінеді. Бұдан басқа, суретшілер мен қолөнершілер шеберлік сыныптарын өткізеді, ал қонақтар ұлттық киімдерде суретке түсе алады, ұлттық ойындарға қатысады, қазақ ұлттық тағамдарынан дәм татады.
Ұлттық музейдің құрамында Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Алтын, Ежелгі және ортағасыр тарихы, Этнография, Тарих, Заманауи өнер залдары бар. Сондай-ақ, Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі археологиялық, этнографикалық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Осы залдарда ұсынылған негізгі экспозициялардан басқа, Қала күніне орай Ұлттық музей әріптестерінің, атап айтқанда, Ресей этнографиялық музейі мен Мәскеу қаласының «РОСИЗО» Мемлекеттік музей-көрме орталығының, ҚР Суретшілер одағының көрмелерін ашу жоспарланған.
Сонымен қатар, Қазақстан қолөнершілерінің жәрмеңкесі, «19-20 ғасырлар тоғысындағы қазақтар» мұрағат суреттерінің көрмесі, Венгрия суретшісі Джудит Покс пен Ресей суретшісі Яна Волкованың киізден жасаған жұмыстарының фотокөрмесі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Сәуле Бапанованың «Сейхун толқындары» атты киізден жасалған киімдерінің жиынтығының көрсетілімі ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Музей халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен жарақтандырылған.
Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: бірегей иілгіш экран, медиа-еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің серпінді макеті, көптеген медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгіршектер, мультимедиялық жолсерік қолданылады.
"Астананың үздік тауары - 2014" байқауына 45 кәсіпорын қатысты
Түрлі салаларда қызмет ететін елордалық шағын және орта бизнес өкілдері өңірлік көрме-байқауда өз тауарлары мен өнімдерін ұсынып, «Астананың үздік тауары - 2014» атағын сарапқа салды. Конгресс-холл сарайының фойесінде астаналық шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
«Байқауға үш аталым бойынша Астананың 45 өндірушісі қатысады. Олардың қызмет ету және өндіріс салалары әртүрлі, шұжық, нан өнімдерін шығарудан бастап, жабдықтар, арнайы киім-кешектер мен терезелер және т.б. дейін», - деді Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Вера Григорьева.
«Ұсынылған өнімді бағалау үшін арнайы комиссия құрылды, оның құрамына қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамының, ұлттық кәсіпкерлер палатасының және басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Олар елордада өндірілетін тауарлардың сапа стандарттарына қаншалықты сәйкес келетінін тексереді», - деді ол.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түліктік тауарлар» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. 3 шілдеде байқау-көрменің жабылу салтанатында жеңіске жеткен кәсіпкерлер дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, сондай-ақ, жүлдегерлер республикалық кезеңге жолдама алды.
Елордада «Ән мен күй әлдилейді Астананы» мерекелік концерті өтті
Елордада Конгресс-холл сарайында Оңтүстік Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Ән мен күй әлдилейді Астананы» атты мерекелік концерт өтті. Бұл Астананың 16 жылдығына арналған керемет тарту болды.
Концерттік бағдарлама бірнеше кезеңге бөлінген. Әр кезеңге әншілер, «Сүгір» ұлттық музыка аспаптары оркестрінің музыканттары, «Тұмар» фольклорлық ансамблі және облыстық опера және балет театрының «Қазына» би ансамблінің әртістері қатысты.
Астананың суретін сөзбен салған ақындар марапатталды
Қала күні қарсаңында елордада парасатты поэзия тойы өтті. Еңселі ел астанасына өлең арнап, елдік пен ерлікті жыр еткен ақындар Астана төрінде бас қосты. Осылайша 70 жуық ақын қатысқан «Мәңгілік ел - ұлт мұрасы» атты жыр мүшәйрасы қорытындыланып, оза шапқан қаламы қарымды ақындар марапатталды.
Несіпбек Айт, ақын:
«Жетпістен арта ақын қатысты. Шетелік ақындардың шығармалары келіп түсті. ҚХР Серік Нүсіпов, Моңғолиядан Шынайыр Рақметұлы деген ақындар осы бәйгеге ілінді. Биылғы жылдың ерекшелігі жастар көп қатысты. Бас жүлде алып, жеңімпаз атанған ақындар осал емес. Осы бәйге арқылы жаңа ақындардың есімін аштық па деп қуанып отырмыз».
Ақындарға тақырып аясын қамтып, халықтың өткенін өлеңге қосып, болашақтың тынысын жырлау міндеттеліпті. Еркін көсіле алмай, тақырыптың айналасынан шыға алмаған ақындар жыр бәйгесінен сүрініп, ақтық мәреге өте алмаған.
Балтабек Нұрғалиев, ынталандыру сыйлығының иегері:
«Байқауда «Алып діңгек Отаным» деген өлеңіммен ынталандыру сыйлығын алдым. Одан басқа көп өлең жібергенмін. Елбасына арналған «Мәңгілік ел» атты баллада, «Нұр», «Мөр» деген өлеңдерім бар».
Арман Шеризатов, бас жүлде иегері:
«Бас жүлдені бағым мен бабым келісіп Құдайдың қалауымен алған болармын. Символикалық өлең деп бағалап жатты. Басқа да мүшәйраларға қатысып жүрмін. Бірақ, жас ерекшелігі есептелмеген жарыста үлкен бәйгені алғаш рет алдым».
Астананың суретін сөзбен салған ақындар ішінде семейлік ақын Арман Шеризатов топ жарды. Сондай-ақ, жүлделі 1, екі екінші және үш үшінші орын иегері бар. Одан бөлек ұйымдастырушылар ынталандыру сыйлықтары мен арнайы сыйлықпен де ақындар қанжығасын майлады. Сұлу сөзбен өлең өрген жыр дүлдүлдеріне Сейіт Қасқабасов, Қойшығара Салғараұлы, Оңайгүл Тұржанова, Несіпбек Айт сынды жыр алыптары қазылық еткен.