АСТАНА ТАРИХЫНА ШОЛУ: Елордалықтар 2013 жылы елорда күнін қалай атап өтті?
***
Астана 15 жылдық мерейтойын атап өтті
Бұл біздің әлем таныған әсем де, жас қаламызға - 15 жыл толды. Осы жылдар ішінде облыс орталығы атанған шағын ғана қала тәуелсіз мемлекеттің заманауи орталығына айналды. Бүкіл қазақстандықтар еліміздің барлық қалаларында Астананың 15 жылдығын концерттермен, көрме, жәрмеңкелермен, басқа да қызықты іс-шаралармен атап өтті.
Елордада кезекті мерекелік көпшілік іс-шарасы «Астанамен қатар тұр!» шеруімен ашылды. Қала қонақтармен, тұрғындарымен бірге шеруге Қазақстанның спорт, шоу-бизнес өкілдері мен өнер жұлдыздары қатысты. Олар әр колоннаның алғы шебінде жүрді. Музыка, патриоттық лепестер, флешмоб - осының барлығы шеруді сүйемелдейді. Шеру Астананың басты нышаны - «Бәйтерекке» дейін өтті.
Таңертеңгі сағат 10-нан бастап, «Студенттер» саябағы мен «Жерұйық» саябағында «Айналайын» халықтық серуені, еліміздің басты алаңы «Қазақ Елі» монументі алаңында «Шуақты қала» халықтық серуені өтті. Мұнда елорда тұрғындары мен қонақтарын «қала ішіндегі қала» бірегей қызығы, мерекелік жәрмеңке, ойын-сауық аттракциондары, мейрамханалар, қазіргі заман өнері көрмесі қарсы алып, сондай-ақ, олар ауқымды күндізгі және кешкі концерттік бағдарламаларды тамашалады.
Таңертеңгі сағат 11-ден бастап елордалықтарға номадтардың сан ғасырлық мәдениетіне сапар шеккізетін «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелі өркениеттер фестивалі жұмысын бастады. Сонымен қатар осы сәтте Абай ескерткіші жанында «Астана - бағы биік асқарымсың» кітап және поэзия фестивалі қызып, үлкен кітап көрмесі мен жәрмеңкесіне ұласты. Ал қаланың екінші бөлігінде, атап айтқанда, «Бәйтерек» монументі алаңында «Шаттық» балалар фестивалі де көрермендердің көз айымына айналды. «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында Астананың 15 жылдығы құрметіне мерекелік торт кесу рәсімі өтті.
12.00-де «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде неке қию салтанты рәсімі жүріп, жаңа отбасын құрған жас жұбайлар әуеге сексен ақ көгершін ұшырды. Сондай-ақ, түсте «Қазақ Елі» монументі алаңында халық аспаптары музыкасының әуесқойлары үшін «Серпер» фестивалінде 300 музыкант-қатысушы бір мезгілде танымал сүйікті күйлерді орындады.
17.00-де Конгресс-Холлда «Ән жүрегім - Астана!» республикалық ән байқауының гала-концерті өтті. Байқау жеңімпаздары сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетті.
19.00-де «Сарыарқа» Республикалық велотрегінде қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының, Хэдлайнер Николь Шерзингердің жобасы "Асқақтай бер, Астана!" ұсынылды.
20.00-де Қалалық алаңда, «Бәйтерек» монументі алаңында, «Студенттер саябағында «Қайырлы кеш, Астана!» халықтық серуені ұйымдастырылды. Осы сәтте «Қазақ Елі» монументі алаңында «Сәлем,Астана» гала-концерті жүрді. Ал «Астана Опера» алаңында 20.00-де әдеттен тыс костюмдік шоу: «ескерткіштер жандануында» суретшілер халықты қарсы алды. Сол жерде 22.30-да елорда тұрғындары мен қонақтарына «Табысқа жол» және «Музыка әуендері» 3D жобалық шоуы ұсынылды. Көрініс театр ғимараты қабырғасында халыққа көрсетілді. Аспанға түрлі түсті сәулелер шашылды. Театр фонында қысқаметражды фильм кадрлары: Ақмола даласы мен басталып жатқан қала құрылысын тәуелсіздік нышаны мен қазіргі Астанамен ұштастыра көрсетіп, көпшілікке ұсынды.
Барлық мерекелік іс-шаралар «Қазақ Елі» монументі алаңында ауқымды салют шашумен аяқталды.
Астананың 15 жылдығы күні елордада 79 сәби дүниеге келді
Астананың 15 жылдығы, 6 шілде күні елордада 79 сәби дүниеге келді. Олардың 42-сы қыз, 37-сі ұл бала.
Барлық жаңа туған сәбилердің туу туралы куәлігінде «туған жері» бағанында Астана қаласы көрсетіледі. Алайда, олардың бәрі бірдей елордалық азаматтардың отбасында дүниеге келген жоқ. Мәселен, Астананың мерейтойын қызықтау үшін Қостанай облысынан келген 34 жастағы Ақжамал Нұрғалиева сәбиін мерекелік іс-шараларды қарап жүріп босанып қалған. Думанды ойын-сауық кезінде толғақ қысқан анаға келіп жеткен жедел жәрдем дәрігерлері оның өзінің де, сәбиінің де денсаулығы жақсы екендігіне көз жеткізіп, №1 перинаталды орталыққа алып кетті.
Мереке күндері Астанада барлығы 269 сәби дүние есігін ашты. Атап айтқанда, 5 шілдеде 58 бала, 6 шілдеде - 79, 7 шілдеде - 81 және 8 шілдеде - 51 бала өмірге келді.
Астанада «Елорда кубогы» үшін өткен халықаралық КТК фестивалі мерекенің шаттығын арттыра түсті
Елордада Астана күнінің 15 жылдығын мерекелеу аясында «Елорда кубогы» үшін көңілді әзіл кеші - Халықаралық КТК фестивалі өтті.
Жыл сайын жан-жақтан елордаға қала тұрғындары мен қонақтарына күлкі қуанышын сыйлауға ең танымал да даңқты КТК командалары келеді.
Бұл жылы мерейтой өткізіп жатқан қалаға көпшілікті күлкіге кенелту үшін Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден 5 команда ат басын бұрыпты. Бұл - Ресейдің - «Раисы» Бішкектің «Тамашоу», «Камызяки», «Сделано в Хабаровске» КТК командалары мен Қазақстанның «ВКЛючайся» командасы.
Қатысушылардың айтуынша, Қазақстан астанасына олар ең таңдаулы, ең қызықты және ең үздік нөмірлерін алып келген. Командалар халыққа бұрын бағасын алған ескі әзілдерді де, жаңа тың нөмірлерді де ұсынды.
Айту керек, мерекелік іс-шаралар ауқымында Елорда Кубогы үшін өткен Екінші қазақстандық Фестиваль барша қауымға жарқын күлкі мен жайдарлы көңіл күй сыйлап, думанды мейрамның шаттығын арттыра түскендей.
Есіл үстінде классикалық музыка әуені әуеледі
Үш күн бойы Есіл өзені жағасында дәстүрлі классикалық музыка әуеледі. Бұл елордалықтарды джаз, классика мен симфониялық музыка қанатында тербеген «Әуен - ағыс» кеші еді.
«Әуен - ағыс» классикалық музыка кешінің қоюшы-режиссері Қуаныш Оразғалиевтің айтуынша, Алматының опера және балет театры Джузеппе Вердидің «Травиата» операсын көрсетті. Джузеппе Вердидің 200 жылдық мерейтойына арнап Вердидің «Травиата» қойылымын қойды. Альфред пен Виолеттаның партиясын айтуға арнайы Румыниядан екі әнші шақырдық.
Алматының опера және балет театры Джузеппе Вердидің «Травиата» операсын көрсетті. Биыл әлемде Джузеппе Вердидің 200 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Соған арнап Вердидің «Травиата» қойылымын қойылды. Альфред пен Виолеттаның партиясын айтуға арнайы Румыниядан екі әнші шақырылды.
Екінші кеште көпшіліктің сүйіктісіне айналған Джузеппе Вердидің төрт көріністі «Травиата» операсы ерке Есілдің үстінде алғаш рет орындалды. Көпшіліктің көңілінен шыққан әсерлі кеш Астана мен Алматы қалаларының джаз орындаушыларының концертімен аяқталды.
«Сәлем, Астана!» гала-концертіне көрермен көп жиналды
Гала-концерт «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда өтті. Ауқымды эстрадалық марафонда қазақстандық эстрада жұлдыздары - Алмас Кішкенбаев, Мәдина Сәдуақасова, «Ринго», «Музарт» топтары, Жолбарыс Сейфулин, «Бәйтерек» тобы, Алтынай Жорабаева, Бейбіт Қорған, басқа да әншілер өнер көрсетті.
Ашық аспан астында өткен концертке тек қаладан ғана емес, Астана күні мерекесіне аймақтардан арнайы келгендер де болды. Мәселен, Айгүл Шортаева Астанаға Шымкент қаласынан келіпті. «Эстрада жұлдыздарын көзіммен көруді көптен армандап жүргенмін, міне, сол арманым орындалды», - дейді ол.
Концерт бірнеше сағатқа созылды. Әншілер ескі хиттар мен Астананың 15 жылдығына арналған жаңа әндерді орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. «Арнау» тобы мерейтой құрметіне «Астана - ән махаббатым!» жаңа әнін ұсынды. Ашық аспан астындағы естен кетпес концерттен көрермендер мерекелік рухта, қуанышты сезімге бөленді. Концерт түн ортасында ауқымды отшашумен аяқталды.
3D шоуы мерекедегі айрықша жоба болды
Астана күнін мерекелеу салтанаты қала тұрғындары мен қонақтарының есінде мәңгі сақталатын болды. Алаңдар мен СОО-да өткен мерекелік шаралар бір-біріне ұқсамайтындығымен ерекшеленді.
«Астана опера» опера және балет театры алдындағы алаңға да халық көптеп жиналды. Өйткені мұнда «Сәттілік кілті» 3D жобалық шоу мен «Музыка әуені» мультимедиялық шоуы көрсетілді.
Сонымен қатар театр фонында қысқаметражды фильм кадрлары, қала құрылысы, қазіргі Астана көркі көпшілікке ұсынылды.
«Ән жүрегім - Астана» жеңімпаздары анықталды
Конгресс - холл Сарайында жас дарындарға қанат бітіріп, болашағына жол ашқан республикалық «Ән жүрегім - Астана» байқауының гала-концерті өтті. Байқаудың негізгі мақсаты - Астананың имиджін көтеретін авторлық әндерді анықтап, композиторлар мен ақындардың, жас орындаушылардың шығармашылығын насихаттау және жас таланттарды іздеп тауып, вокальды, поэтикалық және композиторлық өнерді біріктіру болатын. Іс-шара көздеген мүддесінен толық шықты. Бұған жиналған көпшіліктің көңіл күйі толық дәлел бола алады.
Жас ақын, әнші, сазгерлер бақ сынасқан шығармашылық бәйге қатысушылардың шабытын шарықтатып, мерейлерін үстем етті. Нәтижесінде Семейден келген «Кербез» дуэті дипломант атанса, байқаудың арнайы дипломымен Бақытжан Урахаев, екібастұздық Сайран Бралина марапатталды. Ақтөбелік Азамат Беқбергенов 3-орынды иеленсе, алматылық Әлібек Әлмәдиев 2-орынды қанжығасына байлады. Ал, 1-орынды қызылордалық Серік Ибрагимов жеңіп алды.
«Астана-Арқау» фестивалі 6 елдің ән дәстүрін біріктірді
Көпшілікті «Астана-Арқау» түрік музыкасының фестивалі үлкен әсерге бөледі. Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменнен келген 400 музыкант Астана сахнасында өздерінің дәстүрлі өнерлерін көрсетті.
Игорь Фролов, фестиваль ұйымдастырушысы:
«400-ден астам әртіс шақырылып еді, солардың барлығы да келді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, шетелдік қонақтар да уақытында жетті. Біз соған қуаныштымыз».
Концерттің негізгі тақырыптарының бірі - «фольклорлы өмір» деп аталады. Музыкасы жеке аспаптан бастап эпикалық шығармаларға дейін сан түрлі жанрларда ұсынылып отыр. Фестиваль қонақтары «Хуун Хуур Ту», «От Эне», «Наво» топтары және басқа да әншілер мен ұжымдардың тамаша музыкалық композицияларын көріп, құлақ құрышын қандырар әуендерін тыңдады.
Айдар Ахмедьянов, сырнайшы:
«Маған қала өте ұнады. Өсіп,өркендеп келеді. Мен қалада осыдан бес жыл бұрын болғанмын. Содан бері Астана ғажап өзгеріпті. Әсемдігімен, айырықша сәулетімен көз тартып, ұмытылмастай әсер қалдырады. Мұнда азиялық үлгідегі де. еуропалық үлгідегі де сұлу ғимараттарды көруге болады. Өте керемет фестиваль өтті. Қатысушылар бір-бірімен жақын араласып, достасып кетті. Бәрі де керемет!».
Түрік музыкасының фестивалін «Хуун Хуур Ту» тобы жапты. Елорда тұрғындары мен қонақтары 6 шілдеде «Хан шатыр» СОО-да тува тобының жан жадыратар көмей әндерінен тағы бір сусындады. https://astana.gov.kz/kk/modules/material/1685
Театрландырылған қойылым Астана күніне орайластырылған ең қызықты іс-шараға айналды
6 шілдеде «Астана Опера» балет театры алаңында Астананың 15 жылдығына арнайы орайластырылған көздің жауын алардай жарқыраған театрландырылған қойылым мен бірегей 3D жобалық шоуын бірнеше мыңдаған тұрғындар мен қала қонақтары тамашалады.
Екі сағатқа созылған ауқымды іс-қимыл әрекетіне өнердің түрлі жанры мен бағыттарындағы 98 әртіс қатысты. Солардың ішінде атақты «АртиШОК» Алматы театры екі интерактивті спектакль ұсынса, «Амстердам» театры сиқырлы бет қимылдары мен елордалық үздік би топтары мен оркестр өнерлерін ұсынды. Ең кіштентай келушілер үшін аквагрим шеберлері ертегі әлеміне сапар шегіп, тілек білдірушілер қыл қалам шеберлерінен шарждар мен портреттерді салдырып алып жатты.
Қойылым көрермендері көптеген тосынсыйлар мен музыкалық әуендердің куәсі болды. Шоу көпшілік үшін ұйымдастырылған. Сондықтан бұдан кез келген қатысушы ләззат алатындай мүмкіндіктер туғызылды.
Театрландырылған қойылымның шарықтау шегі қаланың алғашқы құрылыстарын, маңызды нысандардың салынуын көрсеткен, әуедегі жанды суреттер мен түрлі түстердің құбылуын жеткізген, пиротехникалық 3D жобалық шоуы болды. Бұл Астана күні мерекесіндегі ең көңілді іс-шара еді.
«Қайырлы кеш, Астана!» би кешінде астаналықтар ашық аспан астында думандатты
Елорда жастарына Астананың 15 жылдық мерейтойы естен кетпес қызықтар мен қуаныштар сыйлады. 6 шілдеде «Қайырлы кеш, Астана!» мерекелік бағдарламасы өтті. Отандық шоу бизнес өкілдері ашақ аспан астында елорда тұрғындары мен қонақтарын шаттық көңіл күйге бөледі. Бағдарламада Мемлекеттік филармония әртістері, «Еуразия» шоу-балеті, «Ұлытау», «Дабыл», «Ретро» топтары, сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздары: Мәдина Сәдуақасова, Алишер Каримов, Алмас Кішкенбаев, Рүстем Жүгінісов, тағы басқалар өнер көрсетті. Жүргізушілер де жақсы таңдалыпты. Түрлі-түсті жарық ойнаған алаңда жастардың көңілін шарықтататындай мега би кешінің думаны қыза түсті.
Халықтық серуен: Қалалық алаң, «Бәйтерек» монументі алаңы және «Студенттер» саябағы - үш жерде бірден өтті. Жаппай шеру мен халықтық серуен қалалықтарға айырықша мерекелік көңіл күй сыйлады. Ал, «Қайырлы кеш, Астана!» думанының қатысушылары музыка әлеміне енгізіп, бүгінгі заманғы билерді билеуге үндеді. Бұл аталған мерекелік бағдарламалар 7 және 8 шілдеде де жалғасты.
Астана мерейтойында 3D жобалық шоуы қала тарихын көрсетті
«Опера балет» опера және балет театры алаңы аспанында түрлі-түсті толқындар жарқырады. Астана мерейтойында «Сәттілік кілті» 3D жобалық шоу мен «Музыка әуені» мультимедиялық шоуы көрсетілді.
Театр фонында қысқаметражды фильм кадрлары: Ақмола даласы мен басталып жатқан қала құрылысы тәуелсіздік нышаны мен қазіргі Астанамен ұштастыра көрсетіліп, көпшілікке ұсынылды.
Бірегей шоу үш күн 6-8 шілде аралығында өтті.
Сонымен қатар, бұл күндері «Опера балет» опера және балет театры алаңында ұзын аяқты әзілқойлар, «жанданған ескерткіштер», күлдіргі адамдар қызықты көріністер қойды.
Ескі киімді суретшілер, қуыршақ-марионеткілер, бет-қимыл өнерінің шеберлері, бетперде киген пластикалық бишілер халық алдына шықты. Жарқыраған, әдеттен тыс костюм киген актерлер мен ертегі киіпкерлері көрермендерді ғажайып әлемге жетеледі. Қараңғы түсімен театр төңірегі бұрынғыдан да керемет жарқырап, көрерменді еркісіз қызықтырды.
Астананың мерейтойы қазақстандық жұлдыздардың шеруімен басталды
Астана күні таңертеңнен сырнайлатып, кернейлетіп басталды. Ауа райы да шуақ шашып, дәл елорда күнін мерекелеуде көпшіліктің көңіл-күйін көкке көтерді. Оркестрлер, жастар, Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров, әншілер Маржан Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова, Бүркіт, Алмас Кішкенбаев, «Ринго» тобы, басқа да өнер жұлдыздары, спортшылар жалпы 4 000 адам Жастар сарайынан бастап Республика, Сарыарқа даңғылдары, Кенесары көшесімен Мемлекеттік Ту, «Бәйтерек» монументі жанына дейін саппен салтанат құрып, жүріп өтті.
Астана күні Республика Туы түбінде 37 жұп тағдырларын қосты
«Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде ең үлкен Республика Туының түбінде Астана күні мерекесіне арналған салтанатты неке қию рәсімі өтті.
Неке қию салтанатына жас та, жастары толысқан 37 жұп бір-бірімен өмірлік жар ретінде тағдырларын қосты. Жас жұбайлар үшін Астана қаласы Әділет департаментінің Азаматтық хал актілерін тіркейтін бөлімі неке қиғаны туралы куәлікті табыс етіп, оларға жұптарың мәңгі жазылмасын деген тілек айтты. Астаналық цирктің әншісі Владимир Лигай музыкалық сәлем жолдады.
Іс-шараны Астананың 15 жылдығы құрметіне өткізу тәжірибесі осы салтанатты оқиғаға деген халықтың үлкен қызығушылығын туғызды.
Іс-шара қала тұрғындарының патриоттық сезімдерін арттырып, неке қию күнінің асқан жауапкершілігі мен маңызын түсіну мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатта үлкен мерекелік торт кесіліп, жас жұбайлар одан қуанышты сезіммен ауыз тиді. Әуеге ақ тілектер жазылған шарлар ұшырылды. Жас жұбайларға ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
«Шаттық» жас таланттардың басын біріктірді
Бірнеше жылдан бері жыл сайынғы «Шаттық» фестивалі жас таланттардың басын қосып, Астана тұрғындары мен қонақтарының қуанышына ортақтасуда. «Бәйтерек» монументі алаңында олар қаланың 15 жылдығы құрметіне өз өнерлерін көрсетті.
Бағдарламаға: «Вокал», «Хореография», «Халықтық орындау», «Балалардың театр үлгісі» және «Оригиналдық жанр» енгізіліпті. Фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, алыс, жақын шетелдерден 5 пен 18 жас аралығындағы 350 бала қатысуда.
Белгіленген шарт бойынша әр ұжымға өз өнерін көрсетуге 30 минут уақыт беріледі. Жеке орындаушылар үшін берілетін уақыт - 12 минут.
«Мен ерте бастан шығармашылықпен айналысқан балаларды көрсем, қатты қуанымын. Бүгін Қазақстанның жас әртістері түрлі елдердің сахналарында өнер көрсетіп, еліміздің имиджін қалыптастыруға үлкен үлес қосып жүр!» - деді astana.kz сайтына байқаудың ұйымдастырушысы, «Бозторғай» Халықаралық байқауының директоры Қарлығаш Әбдікәрімова.
«Шаттық» Халықаралық фестивалінің өткізілу мақсаты - өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік сезімдерін қалыптастырып, оларға эстетикалық тәрбие беру. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар балаларды ұлттық шығармашылыққа жақындатып, қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын насихаттау. Мәдениет қайраткерлері мен мемлекеттік институттардың, оқу орындарының назарын дарынды орындаушыларға аудару болып табылады.
Қатысушылардың барлығы да ескерткіш сыйлықтар, грамоталармен марапатталып, оларға тару-таралғы ұсынылады.
Фестивальді ұйымдастырушы Астана қаласының әкімдігі мен «Бозторғай» халықаралық фестивалі қоғамдық қоры болып табылады.
Астананың 15 жылдығына елордада 600 келі торт әзірленді
Астанада 15 жылдық мерейтойы құрметіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен торт кесу салтанаты өтті.
«Хан-Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында торт кесу рәсіміне Президентпен бірге мектеп олимпиадасы мен спорттық жарыстардың жүлдегерлері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, оқу озаттары, дарынды, талантты жеткіншіктер қатысты.
Елбасы өз қолымен ұсынған торттың алғашқы тілімінен Астана қаласы балалар үйінің тәрбиеленушісі 11-жастағы Аружан Боранбаева және 8-жастағы Денис Синико ауыз тиді.
Елорданың 15 жылдық мерейтойының құрметіне балалар мерекелік концерт дайындаған. Онда республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары - «Айналайын» тобы, Зульфия Айтбаева, Тұрсынәлі Жаншырай, «Ренессанс» би мектебі, Әлішер Жақсыбай, домбырашылар Солдатбай Әли, Жарылқасын Шыңғыс, Абылай Ислам және тағы басқалар, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келген өнерлі, жас меймандар - Челябіден Анастасия Дашевская, Өзбекстаннан, Қытайдан, Қырғызстаннан келген би топтары өнерлерін көрсетті.
Концертке қатысушылар Мемлекет басшының алдында «Астанадағы ертегіге бергісіз өмір» атты флеш-мобты паш етті. Одан кейін балаларды түрлі ойындар, бағалы сыйлықтар мен аниматорлардың қызық-думаны күтіп тұрды.
Мерейтойлық торттың салмағы 600 келі, пішіні - төртбұрышты, көлемі - 4х4. Тортты дайындау үшін 200 келіден астам ұн, 250 келі қант, 5 мың жұмыртқа, 200 келі құлпынай тосабы және тағы да басқа ингредиенттер жұмсалды. Торттың жан-жағы Астананың көрнекті жерлері мен мақтаулы нысандарының кейпімен әшекейленген, ал дәл ортасында биіктігі 1,2м «Бәйтерек» монументінің фигурасы бой түзеген. Тіл үйірер тәттіні жасап шығу үшін аспаздар 10 аспаз 11 сағат уақыт еңбектенді. Торт 25 тілімге бөлінеді, салтанатты шарадан кейін одан «Хан Шатыр» СОСО-ға келген кез келген адам дәм татты.
Дәл осы шақта «Думан» ойын-сауық кешеніне келушілер де, дәл солай елорданың 15 жылдығына арналып пісірілген, белгілі әнші, шоумен, продюсер Қыдырәлі Болманов тілген 30 келілік торттан ауыз тиіп жатты.
Кітап және поэзия фестивалі мерекеге тарту болды
Қаладағы Абай ескерткіші жанында елоданың 15 жылдық мерейтойы аясында «Астана - бағы биік асқарымсың!» кітап және поэзия фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараның өзіндік ерекшелігі бар. Ол балалар мен жасөспірімдерді белсенді кітап оқуға тарта отырып, әдеттен тыс ұстанымда өткізілді. Мақсаты - шығармашыл жастардың поэзиялық қабілет-қарымдарын анықтау, оларды отан сүйгіштікке тәрбиелеп, өзіндік сана-сезімдерін қалыптастыру болып табылады.
Іс-шараның ұлы Абай ескерткішінің жанында өткізілуі де сондықтан.
Бағдарламаға үш байқау енгізілген. Алғашқы "Астананың әр келбеті өлеңменен өрілген..." ақындық байқауына 14 пен 18 жас аралығындағы қаланың мектеп оқушылары колледж, университеттерінің студенттері қатысты. Жас ақындар өздерінің тырнақалды туындыларын Астананың 15 жылдық мерейтойына арнапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олардың үздік туындылары «Орталықтандырылған кітапхана жүйесінен» шығатын "Астана - бағы биік асқарымсың!" жинағына енетін көрінеді.
«Мен- елімнің тірегі» зияткерлік байқауына қатысушылар - 7-і мен 14 аралығындағы өз қаласы, оның тарихы туралы өлеңдер арнайтын мектеп оқушылары.
Сондай-ақ, Әлімбаев оқулары байқауы да қазақ халқының белгілі ақыны, ұзақ жылдар «Балдырған» балалар журналының бас редакторы болған Мұзафар Әлімбаевтың 90 жасқа толуына арналған.
Мерекені «Жаңарған далам, жасарған қалам, шарықта менің Астанам» кітап көрмесі аяқтайды. Мұнда Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Астана күніне тарту еткен кең көлемді көркем суретті кітап көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, көрмені рухани адамгершілік құндылықтары, арыстарымыз Ахмет Байтұрсыновтың -140, Мағжан Жұмабаевтың -120, Шәкәрім Құдайбердіұлының -155 жылдық мерейтойлары, басқа да зиялы қауым өкілдері мен тұлғалардың шығармашылықтары аша түседі.
Фестиваль елорда тұрғындары мен қала қонақтарын ұлы жазушылар мен танымал тұлғалардың туындылары мен поэзия әлемімен қауыштырып, мерекелік тарту жасады.
Астанада үрмелі оркестрдің бенд марафоны өтті
Әр оркестр әншілер мен вокалшылардың қатысуымен 40 минуттық шағын концерттік бағдарлама ұсынды. Астана, Өскемен, Алматы, Қорғаныс Министрлігінің оркестрі және «Мехтер» түрік әскери оркестрі - бес ұжым өнер көрсетті. Музыканттар 3 сағатқа жақын жанды әуенмен тыңдармандарды сусындатты.
Александр Беляков, ҚР Мемлекеттік үрмелі оркестрінің дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайтарткері:
«Бізде классика да, фольклор да бар. Е.Рахмедиевтің «Құдаша думан», «Бұлбұлын» біздің даңқты әртістер шырқайды. Бізде эстрадалық музыка да, кинофильмдерден саундтректер де болады. Бағдарлама ең ауқымды аудиторияға арналған, Менің ойымша, мұнда әрбір тыңдарман өзін қызықтыратын, жанына жақын дүниені таба алады».
Себелей жауған нөсерге қарамастан, үрмелі оркестрлердің әуендері қонақтардың көңіл күйлерін көтеріп, мерекенің думанын бір төмендеткен жоқ. Әркім де жүрегіне жақын әуенді құмарта тыңдап, ләззат алғандай.
Юлия Карина, тыңдарман:
Жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан, мен бүгін үрмелі оркестрдің концертін тамашалауға келдім. Бұл менің жыл сайынғы дәстүріме айналып келеді десе де болады. Жанды әуен адамның жанын рахатқа бөлеп, көңіл күйін көтереді. Күткендегідей, мұнда өте керемет, құлақ құрышын қандырар мерекелік жанды әуендер ойналды. Барлық жерлестерімді Астана күнімен құттықтаймын!»
«Астана Самалы» фестивалі оркестрлердің қала көшелеріндегі шеруі мен оркестрлер өз бағдарламаларында - дефиле көрсетіп, плац-концертке жалғасуда. Фестиваль концерттік бағдарламада ең үздік нөмірлер біріктіріліп көрсетілетін гала-концертпен аяқталады.
Елордада «Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесі өтті
«Қазақстан» Орталық Концерт залында жайылған қызыл кілемше үстімен кеше еліміздің барлық көрнекті музыка қайраткерлері жүріп өтті. «Астана жұлдызы» бірінші ұлттық кәсіби музыка бәйгесінде республиканың үздік орындаушылары таңдалды.
Оның өзге байқаулардан ерекшелігі, бұл - кәсіби музыканттар бәйгесі. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық үлгідегі шетелдік «Грэмми» сыйлығы. Еліміздің музыка индустриясы өкілдері арасында 100 сарапшы анықталды. Олардың қатарында халық әртістері Роза Рымбаева, Нағима Есқалиев, әнші Сәкен Майғазиев, басқа да продюсерлер мен БАҚ өкілдері, қоғамдық жұртшылық өкілдері бар.
«Астана жұлдызы» кәсіби сыйылығының аталымы саны бас қаланың мерейтойына қатысты он бес болды. Қатаң іріктеу арқасында 2012 жылдың қаңтарынан 2013 жылдың мамырына дейін отандық жұлдыздардың шығармашылық жетістіктері сарапқа салынды.
15 аталымда 45 әртіс бақ сынады. «Үздік орындаушы» аталымында Маржан Арапбаева, «Үздік композиторда» - Талғат Сарыбаев, «Жыл таңдаулысы» аталымында - Әли Окапов, «Үздік дуэтте» - «Мюзикола», «Үздік этно-топта» - «Ұлытау», «Үздік әйелдер тобында» - «Кешyou», «Үздік ерлер тобында» - «МузАрт» жеңімпаз танылды.
«Хит ТВ» қазақстандық телеарнасы «Орда» тобына арнайы сыйлық пен арнада тегін ротация жасау мүмкіндігін берді.
«Менің ойымша, біздің орындаушылардың деңгейі өткен жылдарға қарағанда анағұрлым өсіп отыр. Бұл өте қуанышты. Біз барлық қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтаймыз!» - деді astana.kz сайтына «Кешyou» тобының мүшесі Жанар Дугалова.
Музыка сыйлығын тапсыру кезінде «Қазақстан» Орталық Концерт залы сахнасында: Маржан Арапбаева, «Орда», «Кешyou», «Ringo», «Музарт» топтары, Нұрлан Абдуллин, Толқын Забирова, тағы басқалар өнер көрсетті. Гала-концерт хэдлайнері ретінде арнайы шақырылған қонақ - атақты әнші Джамала өнер көрсетті. Концерт меломандарға нағыз қайталанбас музыка мерекесін сыйлады.
Сыйлықтың басты бастамшысы - Астана қаласының әкімдігі болып табылады.
Еліміздің жастары «Экстрим толқыны» спорттық іс-шарасында думанды қыздырды
Астананың туған күні құрметіне «Астана Мега орталығы» СОО алаңында «Экстрим толқыны» спорттық іс-шарасы өтті. Оны Астана қаласы әкімдігі мен қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұйымдастырды.
Жыл сайынғы урбан-мәдениеті паркур, брейк-данс, скейтборд, стритбол және граффити әуесқой топтарының басын қосты. Биылғы жылы ең пластикалық спортшылар қатарында қыздар да қатысты.
«Экстрим толқыны» спорттық іс-қимыл жаттығуы Астана күні аясында дәстүрлі түрде бесінші жыл өткізілуде. Іс-шараға тек елордадан ғана емес, басқа қалалардан да жастар субмәдениетінің ең үздік өкілдері тартылды. Бүгін бізге Павлодардан, Қарағанды мен Қостанайдан, Жезқазғаннан жас жігіттер мен қыздар келіп отыр. Жастардың бос уақыттарын мәнді өткізуге өзіндік үлесі зор жаңа спорт түрінің жанкүйерлері жыл өткен сайын көбейе түсуде», - деп ойын бөлісті astana.kz сайтына қаланың аға жаттықтырушысы Михаил Нохай.
Ол спорттың айырықша түрі ретінде Азия ойындары бағдарламасына енгізіліп, қарқынды дамуға бет алуда. Спорт пен салауатты өмір салтын ұстаушы әуесқойлар таңертең ертемен жарысқа дайындалды. Түске таман алаңда 300-ге тарта адам жиналды. Олардың арасында ересек бишілер де, балалар мен жасөспірімдер де жетерлік еді.
«Биылғы жыл жаңашылдығымен ерекшеленіп отыр. Бізге стрит воркаут жігіттер қосылды. Оларды - «турник-менами» деп те атауға болады. Олар көбіне аулада жаттығып, денелерін шынықтырады», - деді іс-шараны ұйымдастырушы Айдар Өтешев.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жобаға қатысушылар алаңды думанға толтырып, көңіл күйді көтере білді.
Фестивальдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтар мен соңғы үлгідегі смартфондарға, үйде жаттығатын спорттық жабдықтар мен спорттық керек-жарақтарға ие болады.
"Астана самалы" халықаралық фестивалі 5 үрмелі оркестрді біріктірді
Қазақстанның үздік үрмелі оркестрлерінің плац-концерті бүгін астаналықтардың көңілін көтерді. Барабан даусы мен керней үні жиналған көпшіліктің бойына қан жүгіртіп, ауа райының қолайсыздығын да сездірген жоқ.
«Мұндай фестивальдер айтулы мерекеде халыққа айрықша шаттық сыйлайтынын көзіміз көріп жүр. Музыканттардың өзі жұртшылықтың арасына келіп, түрлі әуендерді ойнауы өте жақсы дәстүр. Сондықтан бұл фестиваль барлық қазақстандық музыканттар үшін үлкен маңызға ие. Менің ойымша, фестивальдің шығармашылық ғұмыры зор. Алдағы уақытта ол бұдан да кең сұранысқа ие болып, әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар жинайтын болады»,-деп пікір білдірді astana.kz сайтына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік үрмелі оркестрінің дирижері Александр Беляков.
Мұндай фестивальдер әлемде кеңінен өткізіледі. Оған деген адамдардың қызығушылығы да ерекше.
«Бүгін өнердің ерекше жанры дефиле өтеді. Ол тек үрмелі оркестрге ғана тән. Өйткені, кез келген басқа оркестр бір мезгілде ойнап, билеп, түрлі көркем мәнерлер жасай алмайды. Менің ойымша, өнер жанры ретінде Қазақстанда дефиленің болашағы зор!» - деп санайды А. Беляков.
Биылғы жылы фестивальге Түркияның «Мехтер» әскери-этникалық үрмелі оркестрі алғаш рет қатысып отыр. Бұл барлық армиялық оркестрлердің түп атасы болып саналады.
Мерекелік дефиле Қазақстан мен алыс, жақын шетелдердің үздік үрмелі оркестрлерін бір сахнаға жинады. Фестивальдің репертуарлары да халықтың жүрегіне жақын, әр көрермен өзіне керектісін қалап ләззат алатындай, іріктіліп таңдалған.
Плац- концерт Астананың 15 жылдық мерейтойындағы айырықша іс-шара болды.
Ежелгі музыканың сазды әуездері баурады
«Ханшатыр» СОО алдындағы алаңда көшпенділер өркениеті қоныс тепті. Онда «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты фестиваль аясында қала күніне арналған бірқатар мерекелік шара өтті. Бағдарламада қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, дәстүрлі ән, би өнері мен саятшылығы, қолөнер шеберлігі халық назарына ұсынылған.
«Балалар - Астана жүрегі!» мерекесі көпшіліктің көңілінен шықты
Астананың туған күнін тойлау - тек астаналықтар үшін ғана емес, бүкіл еліміздің тұрғындары үшін де үлкен мереке. Күннен-күнге жасанып, сұлулығымен әлем назарын аудара бастаған бас қаламыздың көшелері мен саябақтары, аулалары мен алаңдары қызық пен думандарға, ән мен күйге, жыр мен биге бөленген. Оған тағы бір мереке қосылды.
6 шілдеде Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының алаңында «Балалар - Астана жүрегі!» мерекесі өткізілді.
Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдарының орындауындағы мерекелік бағдарлама үнемі қайталанбас және ұмытылмас балалық бояуларға, күн сәулесіндей нұрға , жастықтың жалынына толы болды.
Аспан асты сахнада Мектеп оқушылары сарайының «Бәйтерек» хореографиялық ансамблінің тәрбиеленушілері «Даладағы дабыл» биін, «Алтын дән» хореографиялық ансамблі «Балбырауын» биін биледі.
«Балдырған» халықтық циркі мен жас әртістер өз таланттарымен, шеберлігімен көрермендер көңілінен шыға білді.
Сонымен қатар Астана күні Астана Құрдастарына да салтанатты түрде құрмет көрсетілді. Биылғы 15 жылдық мерейтойда Астана Құрдастары мерекелік Балын ұйымдастырды. Балдың ханзадасы және ханшайымы болып №60 лицейдің оқушылары - ЕлданТілеубергенов пен Дана Смағұл тағайындалды.
І «Астана Құрдастары» қалалық Балдың қатысушыларына естелік сыйлықтар тапсырылды.
Сондай-ақ, алаңда байқаудың қатысушылары мен жеңімпаздарын марапаттау салтанаты да өтті. Онда Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнерлерін ұсынды.
Әсем Астананың 15 жылдық мерейтойына арналған іс-шара астаналықтардың есінде ұзақ сақталып қалады деген сенім мол.