Жиынға Халықаралық дзюдо федерациясының рефери директоры Армен Багдасаров, IJF бас хатшысы Доктор Лиза Аллан қатысты. Сондай-ақ журналистердің сауалдарына Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев, вице-президенті Серікбол Оразалин және атқарушы директоры Айбек Имашев жауап берді.
«Біздің федерациямыз Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирін өткізу мақсатында былтыр 4 жылдық келісім-шартқа қол қойған. Биыл бұл жарысты екінші мәрте өткізіп отырмыз, осындай бастамалар елімізде дзюдо спортының дамуына үлкен үлесін қосатынына сенеміз. Qazaqstan barysy Grand Slam 2024 жарысына қатысатын Қазақстан құрамасының 60 пайызы жастар деуге болады. Қазіргі таңда құрамада буын алмасу жүріп жатыр. Тәжірибелі спортшылардың орнын жастар басуда. Мұндай ірі әлемдік турнирді өз елімізде өткізу жасөспірімнен, жастардан ересектерге ауысып жатқан спортшыларға өте үлкен мүмкіндік пен сенімділік, тәжірибе береді», — деді С. Оразалин.
Биыл Астана татамиінде олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Соне Акира, Рафаэль Сильва, Аарон Вольф, Идалис Ортис, Цэнд-Очир Цсогтбаатар, Ан Баул, әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, Grand Slam және Grand Prix жарыстарының жеңімпаздары бақ сынайды. Бұл жарысқа әлемнің 84 елінен 500-ге жуық дзюдошы қатысады деп жоспарланған. Жалпы жүлде қоры –154 мың еуро.
Айта кетсек, бұл жарыс — 2024 жылғы Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарының алдындағы соңғы Grand Slam кезеңі.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін турнирге кіру тегін.