«Астана-Тазалық» ЖШС қыста елорда жолдарында қозғалыс мәселесінде еш қиындық тумайтынына уәде етуде

АНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана жолдарының тазалығын қамтамасыз ететін «Астана-Тазалық» ЖШС қысқы маусымға сақадай-сай дайын отыр.

  Бұл туралы бүгін аталмыш кәсіпорынның өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Серік Жолымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі қарашаның 3-5-і күндері өткізіп отырған «Қыс-2009» республикалық командалық-штабтық оқулары аясында, бүгін министрліктің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік мекемелер мен төтенше жағдайлар қызметтерінің қысқы маусымға дайындық жағдайларына тексеріс жүргізді.

 Бүгінгі күні «Астана-Тазалық» ЖШС-да Астана көшелері мен жолдарын кір-қоқыстан тазартуға арналған 320 техника бар. Оның 257-сі - қысқы маусымға арналғандар. Атап айтқанда, шалшықтар мен қоқысты тазалауға арналған біріктірілген құрылғылар - 46, құм шашатын - 9, Unimog әмбебап мәшинелері - 29, автогрейдерлер - 32, қарды өздігінен тиеуге арналған техникалар - 34, фронталды тиеушілер - 20, тракторлар, КамАЗ және ЗИЛ жүк көліктері  78  болып отыр.

 Сондай-ақ көктайғақ кезінде автожолдарға себілетін тұз бен құмның қоспасы әзірленіп, қала сыртында қарды лақтыруға арналған үш бекет белгіленген.

 С.Жолымбетовтың айтуынша, қар мол жауған күндері жол бойында кептелістерді болдырмау мақсатында күндіз және түнгі ауысымдарда еңбек ететін бригадаларды жұмыс орындарында тамақтандыру үшін асхана тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Жұмыстардың жеделдігі үшін автотехниканы басқарушы әр жүргізуші қалалық нөмірге қосылған телефонмен қамтамасыз етілген.