«Астана - Теміртау» автожолының жаңадан салынған алғашқы 6,5 шақырымы қараша айында ашылады

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - 2013 жылдың шілдесінде Қазақстанда «Астана - Теміртау», «Астана - Павлодар» және «Алматы - Қапшағай» бағыттарындағы автожолдарды жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Бұл аталған жолдарды кеңейтіп, бірінші техникалық санатқа ауыстыру көліктерді өткізу қабілетін арттырып, тасжолдардағы апатты оқиғалардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Министрлік мәліметіне қарағанда, аталған жолдың ұзындығы -169 шақырым. Бұл бағыттағы жол алты учаскеге бөлінген. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары Ақмола және Қарағанды облыстарындағы екі учаскеде жүргізілуде. Ұзындығы 21 шм құрайтын тағы бір учаскенің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қазіргі уақытта мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланды. Қалған 3 учаскенің жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Жобалау-іздестіру жұмыстарын қараша айында аяқтау жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 2014 жылы басталады. Осылайша, келер жылы құрылыс жұмыстары барлық учаскеде жүргізілетін болады. Реконструкция жұмыстарының нәтижесінде «Астана - Теміртау» күрежолы 4 жолақты болып, 1 техникалық санатқа жатқызылады.

«Бүгінгі күні 6,5 шм цементті бетон жабындысы төселген. 10,3 шм жолда негізгі бөлігінің үстіңгі қабаты төселуде. Жақын уақытта бетон төсеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ, жер қазу, топырақ үю секілді жер жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң негіздеменің үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары басталады», - делінген баспасөз баянында.