Астана төңірегіндегі орманды алқаптар елорда әкімдігінің қарамағына өтеді - В.Крылов

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана төңірегіндегі орманды алқап қаланың коммуналдық меншігіне өтеді. Енді қала айналасында жасыл белдеуді құру жұмыстары «Астана орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (МКК) міндетіне жүктелмек.

Бүгін «Астана орманы» МКК-нің ғылыми-тәжірибелік учаскесін аралап қайтқан Астана әкімінің орынбасары Василий Крылов, қазіргі таңда Астана қаласының балансына берілген жасыл белдеудің жалпы көлемі 16 мың гектардан асатындығын айтты.

Еске сала кетейік, орман алқабы ауыл шаруашылығының министрлігінің қарауында болып келген болатын. Қазіргі таңда ҚР Парламенті қабырғасында Орман Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Ол бойынша Қазақстанның орман қоры түсінігінен «орман саябағы» санатындағы учаскелерді айқындап, Астана төңірегіндегі жасыл белдеуді елорданың коммуналдық меншігіне қалдыру мәселесі түпкілікті шешімін табады.

Көшпелі жиын барысында В.Крылов жасыл белдеуді құрудың екінші кезеңі аяқталып қалғандығын, ендігі міндет қолдан өсірілген орманның табиғи түрде өсіп-өнуіне жағдай жасау болып табылатындығын атап өтті. Ол үшін ол жерде ғалымдар ағаштарды ықтырма отырғызу әдісін қолдануда. Сонымен қатар орман қызметкерлері ондағы хайуанаттар әлімінің дамуына үлестерін қосуда. «Астана орманы» кордоны жанында қырғауыл мен бұлдырық құстарын өсіретін ферма салынған. 2010 жылы осы әдіспен 10 гектардан астам орынға 26 мың түп ұзақ жасайтын ағаш түрлерінің тұқымдарын еккен. Қала әкімінің орынбасары екі жарым ай ішінде өсіп қалған шырша мен емен көшеттерін өзі аралап көрді.