Астана төрінде «Шашу» халықтық би ансамблі мерейтойлық кеш өткізді

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат - «Шашу» халықтық би ансамблі Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында мерейтойлық кеш өткізді. Биыл ансамбль 25 жасқа толды. Осы уақыт аралығында шығармашылық ұжым Украина, Ресей, Венгрия, Түркия елдерінде болып, көптеген халықаралық фестивальдер мен байқаулардың жеңімпазы атанған.

Бұл туралы елорданың ресми сайтынан хабарлады.

25 жыл бұрын ансамбль құрамында санаулы ғана адам болса, бүгінде әр ұлттың биін үлкен өнер ұжымы орындайды. Олардың қатарында кішкентай балалар да, тәжірибелі жастар да бар.

Өнер ұжымының аты елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелге де жақсы таныс. Ансамбльдің соңғы жетістіктерінің бірі Түркия Президенті мен Премьер-Министрінің қабылдауында болып, Өзбекстанда өткен V халықаралық заманауи би мен спорттық пластика байқауының лауреаты атанып, 3-орынды жеңіп алғанын ауыз толтырып айтуға болады. Бүгінде ансамбль репертуарында 60-тан астам бидің түрі бар. Өнер ұжымын мерейтойымен құттықтауға елімізге танымал әртістер келді.