Астана төрінде Тәттімбет күйлері тербелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана төрінде дәулескер күйші Тәттімбеттің күйлері тербелді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақ ұлттық өнер университетінің концерт залында халық композиторы, күйші Тәттімбет Қазанғапұлының 200 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті.

Концерт барысында күйші-композитор, шертпе күй өнері мектебінің негізін қалаушы Тәттімбет Қазанғапұлының бұрын-соңды жарияланбаған күйлері енген CD-диск таратылып, күйшінің мұрасын зерттеген тұлғалардың құнды деректері негізінде жарыққа шыққан фотоальбом таныстырылды. Ал Секен Тұрысбек, Мұхамеджан Тілеуханов, Біләл Ысқақ, Сәрсенғали Жүзбай, Рымхан Әбілханұлы сынды белгілі күйшілер концерттің сәнін келтірді. Айта кетейік, Тәттімбет - күмбірлеген қоңыр дауысты шертпе күй өнерінің негізін салушы. Оның «Былқылдақ» және «Қосбасар» күйлері Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында және А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында, «Сарыжайлау» күйі «Жамбыл» фильмінде және т.б. көптеген күйлері қазіргі заманғы опера, симфония және камералы-аспапты шығармаларда қолданылып келеді.