Астана түбінде «ҚҰМАЙ» археологиялық-этнографиялық кешені ландшафты мұражайын құру жобасы жүзеге асырылады

АСТАНА, 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - 12 қыркүйек күні Астанада ашық аспан астындағы ландшафты мұражай мен ғылыми орталық құру жобасы

(авторы - т.ғ.д., архелог-түрколог, 5 монография мен 70-тен астам ғылыми мақаланың авторы, «Назарбаев орталығы» ММ мемлекеттілік, қауіпсіздік мәселелері және даму институтының бас ғылыми қызметкері Айман Досымбаева) және «ҚҰМАЙ» түрктік археологиялық-этнографиялық кешені» кітабының (авторлары - Айман Досымбаева және «Назарбаев орталығы» ММ мемлекеттілік, қауіпсіздік мәселелері және даму институтының жетекші ғылыми қызметкері Әбдінұр Нұсқабай) тұсаукесері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді.

Бұл туралы «Назарбаев орталығының» баспасөз қызметі хабарлады.

   Жоба бойынша, ашық аспан астындағы мұражай Астана қаласынан 124  шақырым қашықтықта «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Құмай өзенінің сол жағалауында Қарағайлы ауылына таяу, «ҚҰМАЙ» археологиялық-этнографиялық кешенінің аумағында орналасады.

Іс-шараға қатысатын қонақтарға 4 ғасырдан астам тарихы бар көне және орта ғасырлық қола, ерте темір (сақ дәуірі), ғұн және түрк кезеңі ескерткіштеріне саяхат жасауға мүмкіндік жасалып отыр.

Жобаның тұсаукесеріне Түркия тарапынан: Қазақстандағы Түркия Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Омер Бурхан Тузель, Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Қазақстандағы өкілі (ТІКА) Эврен Рутбиль және елшілік қызметкерлері мен дипломаттар қатысады.

Қазақстан тарапынан: ҚР ҰҒА академиктері М.Жолдасбеков, О.Исмағұлов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Б.Сыдықов, сенатор Ғ.Есім, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Е.Қарин, т.ғ.д., профессорлар Т.С. Садықов, З.Е.Қабылдинов, Д.Р.Айтмағамбетов, А.М.Досымбаева, З.С.Самашев, В.Ф.Зайберт, Түрк Академиясының ректоры, д.ф.н., профессор Ш.Ибыраев, ЮНЕСКО сарапшысы В.А.Новоженов және т.б. ғалымдар, студенттер мен магистрант, докторанттар қатысады.

Жобаның тұсаукесері Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын кеңінен насихаттау; ҚР туристік кластерін инновациялық дамыту; ауылды, дәстүрлі кәсіпті өркендету (қайта жаңғырту) және жаңа жұмыс орындарын ашу; өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Ұйымдастырушылары: «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі, Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.