Мереке құрметіне Астана қаласында ұйымдастырылған іс-шаралардың ауқымы өте кең. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек. Таңертеңгілік «Жастар» сарайы, «Қазақстан» спорт кешені, «Жерұйық» саябағы және ескі орталықтағы алаңдарда көпшілікке арналған іс-шаралар, бұқаралық серуендеулер жалғасады.
Сағат 11.00-де қаланың әр жеріндегі ашық алаңдарда «Астана самалы» үрлемелі аспаптар оркестрлерінің фестивалі басталады. Қазақстандық оркестрлер мен танымал сахна шеберлерінің орындауындағы классикалық әуен мен заманауи шығармалары ашық аспан астында - әкімдік ғимараты алдындағы алаңда, «Жастар» сарайы маңындағы концерт сахнасында, «Бәйтерек» монументі маңындағы алаңда өтуде. «Астана самалы» көптеген елдің өкілдерін бір сахнаға жинайтын қайталанбас сазды думан. Керемет техника мен айрықша орындаушылық шеберлік Астана тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік ауан сыйлайтын болады.
Әкімдік ғимаратының алдындағы алаңда мейрамханалардың ашық аспан астындағы жәрмеңкесі жалғасуда. Астананың ең таңдаулы, кәсіби аспаздарының қала күнін мерекелеу қарсаңында бас біріктіруі бүгінде дәстүрге айналды. Әр халықтың өзіндік ас үлгілері мен байқауға қатысушылардың фирмалы тағамдарын білікті төрешілер мен халық сарапшылары бағалайды. Ең үздігін анықтауға барлық ниет білдіруші қатыса алады. Ұйымдастырушылар рухани азық жайын да ескерген.
Ал сағат 12.00-де «Мега» сауда, ойын-сауық орталығының алаңына талантты, бірбеткей, қайсар әрі замана көшінің ұдайы басында жүруге тырысатын жаңа ойлы жастар жиналады. Спорттық сайыста ТМД елдерімен қатар, Еуропаның түкпір-түкпіріндегі мемлекеттердің тәуекелге бел буғыш, жаңашылға жаны құмар жастары бас қосады. Паркур, брейк-данс, скейтборд, стритбол мен граффити шеберлері мыңдаған көрерменді өнерлерімен тәнті етпек. «Тәуекел толқынына» барлығы 2000-нан астам шетінен «сен тұр, мен атайын» деген өз ісінің шеберлері қатысады деп күтілуде.
«Хан Шатыр» маңында бой көтерген көшпелілер ауылы фестивалі, «Азия жаңғырығы» цирк өнерінің халықаралық фестивалі, түркі музыкасының «Астана-Арқау» халықаралық фестивалі қонақтарын бүгін де тосады.
Ал астарлы, әдемі әзілдерді ұнататын қауымды бүгін Конгресс-Холл сарайына шақырамыз. Оларға еліміздің жатыпатар сықақшылары Астана күні мерекесіне көптің ішек-сілесін қатыратын әдемі әзілдерін әзірлеп отыр. Астарлы әзіл мен қағытпа-қалжың ұсынатын отандық сықақшылар: Аманғали Сыпабеков, Нұржан Тұтов, Ерболат Төлегенов, Дәркен Есімбеков, Қанат Әлжаппаров, Олжас Сыдықбеков, Қайрат Домбаев, Бақытжан Қасымов. Танымал әншілер Мадина Сәдуақасова, Қайрат Байекенов, Зәттібек Көпбосынов және тағы да басқалар кеш көрігін қыздыра түспек.
Астана күні мерекесі жыл сайын мәңгілік естен кетпестей әсерлі етіп тойлануда. Елорда төрінде өткен түрлі жанрдағы концерттер қала тұрғындары мен қонақтарының көпке дейін есінде сақталатыны көңіл қуантады. Себебі қаламыздың тойына арналған концертте жыл сайын күллі ғаламға танымал, әлем халқы көруге құмар әйгілі әншілер өнер көрсетеді. Биыл өнер сүйер қауымға арналған басты сыйлықтардың бірі - әлемге танымал әнші, өзінің асқан шебер сопрано даусының арқасында ән падишасы атанған Сара Брайтманның жеке концерті. Ол өз шығармашылығында екі музыкалық бағытты - өткен ғасырдың классикалық музыкасы мен соңғы онжылдықтағы «поп» жанрын шебер үйлестіре білді. Концерт Бейбітшілік және келісім сарайында, сағат 18.00-де өтеді.
Тосынсыйлар мұнымен аяқталмайды. «Сарыарқа» республикалық велотректе, 19.00-де ару қаланы туған күнімен хит-шерулердің жеңімпазы Mr. Black Star Тимати, МузТВ сыйлығының «Прорыв года» номинанты«Градусы» тобы, украиндық «Quest Pistols», қызуқанды Arash, британдық арманшыл әнші Jay Sean құттықтайды. Оларға отандық танымал эстрада жұлдыздары жұп болмақ. Атап айтсақ, Динара Сұлтан, Айқынсынды әншілер мен «Орда», «Ринго» және «Не все сказано» топтары бар.
Есіл өзенінің үстіне орнатылған қалқымалы сахнадан әлемдік опера және балет жұлдыздарының өнерін тамашалауға болатын соңғы күн. БағдарламадаШтраус, Чайковский, Моцарт сынды әлем классиктері мен Л.Хамиди, Е.Рахмадиев, А.Жұбанов, Т.Қажығалиев, С.Мұхамеджанов, М.Төлебаев сынды отандық композиторлардың туындылары ойналады. Қатысатындар - Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрі.
Астананың туған күнін атап өтуге арналған мерекелік, мәдени іс-шаралардың шырқау шегі - «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтетін «Астана - бақыт мекені» гала-концерті болмақ.
Шара соңында сәулеті мен дәулеті келіскен, күннен күнге ажарланып, көркейіп келе жатқан жас елордамыз - Астана қаласының құрметіне мерекелік отшашу болады.