Астана тұрғындары е-ПИК жобасына біріктіріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тамыз айының соңында елорда тұрғындары е-ПИК жобасына біріктіріледі. Жоба кондоминиумдардың жұмыс сапасын арттыруға, олардың қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, кері байланысты жолға қояды.

Сонымен қатар қала бойынша ПИК-тер рейтинг жүргізілетін болады. Бұл жайында  «Aстана Innovations» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары  Жаннат Дүбірова мәлім етті, деп хабарлады елорда әкімдігінің медиа орталығынан.

Оның айтуынша, ақпараттық жүйе автоматтандырылып,  тұрғындармен ПИК-тің өзара әрекетін жеңілдететін болады. Жоба үшін бағдарламалық қамтамасыз етумен айналысатын қазақстандық компаниядан үздік шешім іріктеп алынған.

«Қазіргі уақытта елорданың үш ауданында мобильді қосымшаны белсенді енгізу жүргізілуде. Қызмет көрсетуші 5 компания арасында елордалық 436 ПИК бөлінді. Жоба аясында 150-ден астам  ПИК ақпараттық жүйеге қосылды», - деді ол.

Мобильді қосымша өтінім беру, тұрындардың ПИК-керге шағымдарын тіркеу сынды түрлі қызметтерді атқарады.

«Басқарушы компанияға қоңырау шалудың қажеті жоқ. Белгілі бір қызметті алу ыңғайлы уақытыңызды көрсетіп хабарлама жіберсеңіз жеткілікті», - деді Дүбірова.  

Жаңа жүйенің көмегімен тұрғындар ПИК-тың қаржылық қызметін қадағалап, бірыңғай есеп айырысу орталығының түбіртектеріне төлем жасай алады.

Ж.Дүбірованың айтуынша, пəтер иелері кооперативтері қазір заңнама бойынша тұрғындардан жиналған қаржы туралы үнемі есеп беріп отыруы тиіс. Бірақ, ПИК-тердің көбі ондай есеп үшін жиналыс өткізбейді, өткізген күннің өзінде тұрғындардың көбі ол жиналысқа келе алмайды. Ал «Е-ПИК» қосымшасы арқылы əрбір тұрғын ПИК-тердің қаржылық есебін үнемі көріп отырады.