Оқиғаның бейнежазбасын Фейсбук қолданушылары желіге жүктеді. Онда «Газель» жүк көлігінің үстінде екі жігіт біреуін көтеріп тұрып, үшінші қабаттың ашық терезесі алдында тұрған сәбиді дін-аман жерге түсіреді. Автордың хабарлауынша, сәби ата-анасының қарауынсыз қалдырып кеткен.
«Бүгін сұмдық жағдайдың алдын алған оқиғаның куәсі болдым. Астана қаласындағы үйлердің бірінде терезеде ілініп отырған бүлдіршінді иманжүзді жігіттер аман алып қалды. Бізге белгілі болғаны, ата-анасы үйінде болмағаны (автордың стилі сақталды - ред.)», - деп жазды желі қолданушысы Лаура Хамытқожаева .
Айта кетейік, елордалық ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылы Астанада 16 бала терезеден құлап кеткен.
«Көпқабатты үйлердің терезесінен құлау балалар жарақатының негізгі себебіне айналуда. Көп жағдайда жазатайым оқиғалар шыбын-шіркейден қорғайтын торларға байланысты орын алады. Олар балаларды құлаудан қорғай алмайды! Москитті торға сүйенген бала, онымен бірге жерге құлайды», - дейді астаналық ІІД.
Қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін терезеге бала өздігімен аша алмайтын бұғаттауыштар орнату қажет. Бұдан басқа, жиһаздарды да терезеден алысырақ қойған жөн.