Астана тұрғындары ұлттық мәдени бірлестіктері шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалауда

АСТАНА. 1 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігі алдындағы алаңда Қазақстан халқының бірлігі күніне  арналған негізгі шаралар өтіп жатыр.

Атап айтқанда, онда ұлттық мәдени бірлестіктер шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Дүние-думан» атты мерекелік концерт өтіп жатыр. Алаңға жиылған жұртшылық алдында Қазақстан халқының достығы мен бірлігіне негізделген «Достық салт-дәстүр» атты хореографилық қойылым арқылы елімізде тұратын барлық этнос өкілдері өз өнерлерін паш етті.

Айта кетейік, «Терра» би театры, Файза Гаскаров атындағы мемлекеттік академиялық халық би ансамблі, «Ирада» би ансамблі, «Бахар» ансамблі, «Алаш ұлы» тобы, «Премиум» квартеті сынды шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Осы думанды шараны Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері де тамашалауда.

Бүгін бұдан бөлек Қаржы министрлігі алдындағы алаңда, М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайының маңында, сондай-ақ қаладағы саябақтарда бұқаралық серуендер өтіп жатыр. Осы күні театрландырылған қойылымдар,  мерекелік концерттер, фестивальдар мен көпшілік шерулер ұйымдастырылады. Мерекеге келушілер алаңдарда орналасқан этномәдени орталықтардың көрме шатырларын аралап, қолданбалы өнерімен, тұрмыстық заттарымен, ұлттық музыка аспаптарымен танысып, тамашалай алады.