19 жастағы бойжеткеннің мұндай қадамға баруына, анасының жігітімен кездесуге тыйым салуы себеп болған көрінеді. Ол алдымен екі қолының тамырын кесіп тастаған. Тапа-тал түсте тамырын кесіп, суицид жасауға оқталған қызды құтқарушылар емес, сол маңнан кездейсоқ өтіп бара жатқан жігіт ажалдан арашалап қалған.
Оқиға куәгерлері жан-жақтан айқайлап қызды райынан қайтаруға тырысқан. Алайда, ол жердегілердің жанайқайын елеген жоқ. Сәлден соң оқиға орнына құтқарушылар да жетіпті. Алайда олар баспалдағын жоғарыға көтеремін дегенше, сол маңда кетіп бара жатқан ер адам көмектескен. Елорда тұрғыны Асқар Оразалин жұбайына гүл шоғы мен торт алуға шыққан екен. Қаладағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейтін сәулетші жігіт дереу шатырға шығып, суицид жасағалы отырған бойжеткенді ажалдан арашалап қалған.
Айта кетерлігі, бойжеткенді ажалдан аман алып қалған жігітті бастапқыда шатырға шықпақ болғанда, полицейлер жібермегендіктен қулыққа басыпты. Сөйтіп өзін «ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін» деп таныстырған.
«Мен комитеттен дегесін маған ешкім тіл қатпады. Ал қыз «жолама, қазір секіреп өлемін» деді. Төмен қарады да, ырғып түскісі келді. Сол кезде мен ойланбастан қолына шап беріп, өз кеудеме басып алдым қызды. Содан, қатты толқып кеттім, қыз жылады», - дейді А.Оразалин.