Есте болса, өткен жылдың күзінде елордада салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» кешені аумағында күзет компаниясының қызметкерлері мен шетелдік жұмысшылар арасында жанжал туындаған болатын. Сол кезде елордалық азамат әлеуметтік желідегі парақшасында тұрғындарды шетелдік жұмысшыларға қарсы озбырлық жасауға шақырған жазба қалдырған еді.
«Астаналық ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп танылды. Ол бейбіт уақытта Facebook-тағы жазбасы арқылы қалалықтарды аталған шетелдік тұлғалармен есеп айырысуға және тәртіпті бұзуға шақырды», - деді Қанат Тобағалиұлы.
Оның атап өтуінше, аталған тұлға кінәлі деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Дегенмен, істі апелляциялық сатыда қарау барысында жаза мерзімі 1 жылға дейін төмендетілген.