Астана тұрғыны көлігінен киік мүйіздері тәркіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атырау - Астрахан» тас жолы бойындағы көліктен киік мүйіздері табылды. Бұл туралы ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметінің мәліметінде хабарланды.

«2014 жылдың 1 сәуірінде «Атырау - Астрахан» тас жолы бойындағы «Новобогат» бақылау-өткізу бекетінде «Бекіре-2014» балықтарды қорғау іс-шараларын жүргізу барысында Астана қаласының тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Toyota Camry» маркалы автокөлік тексерілді. Нәтижесінде автокөліктің ішінен қапқа салынған 81 дана киік мүйіздері табылып, тәркіленді», - делінген таратылған мәліметте. Оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Биылғы 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында еліміздің қоршаған орта және су ресурстары, ішкі істер, көлік және коммуникациялар министрліктері мен ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, кең ауқымды «Бекіре -2014» балық қорғау акциясын өткізеді. Аталған шара балықты заңсыз аулап, сатуға және тасымалдауға жол бермеу мақсатында өткізіледі.