Астана тұрғыны темекі тұқылын жерге тастағаны үшін қамауға алынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының отырысында 54 жастағы елорда тұрғынына қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Астана қаласының ІІД-інің баспасөз қызметінен.

Аталған азамат қоғамдық орында темекі тұқылын жерге тастап, сол әрекетімен көпшілік пайдаланатын орынды ластап, қоғамдық тәртіпті бұзған. Астана қаласының Әкімшілік соты ҚР ӘҚБтК 434 бабымен көзделген ер адамды әкімшілік құқықбұзушылық - ұсақ құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, оған әкімшілік жаза ретінде 3 тәулікке қамауды тағайындаған.

Тағы да бір қоғамдық тәртіпті бұзушы Алмалы көшесінің бойында орналасқан оқу ғимаратының қасында шекілдеуік шағып, сол әрекетімен қоғамдық орынды ластағаны үшін сот шешімімен 1 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Өз жазаларын құқықбұзушылар Астана қаласы ІІД арнайы қабылдау орталығында өтейді.

Жыл басынан бері Астана қаласының полицейлері «мүлдем төзбеушілік» қағидасын орындаудың шеңберінде 52 ұсақ құқықбұзушылықты анықтады, соның ішінде соттың тәртібімен 3 мыңға жуық іс құқықбұзушылыққа қатысты болса, 494 құқықбұзушы 10 тәулік мерзім уақытына әкімшілік қамауға алынып, 2,5 мыңға жуық адамға айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, әкімшілік заңнамаға сәйкес «ұсақ құқықбұзушылық» - қоғамдық орындарда былапыт сөз айту, жеке тұлғаларға тіл тигізіп тиісу, тұрғын ғимараттар мен қоғамдық орындарды, саябақтарды ластау, оған қоса коммуналды қалдықтарды тастау болып саналады. Аталмыш бапты бұзған үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу, қайталанған құқықбұзушылықта 15 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.