Астана-Варшава: «Еуропаға жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда

АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат – Сәуір айының басында Қазақстанның Польшадағы Елшіліктің қолдауымен ҚР Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті делегациясының Варшаваға сапары болып өтті.

Комитет төрағасының орынбасары Насихат Сәбитов бастап барған делегация өкілдері сапар барысында Польшаның Түрме қызметі бас басқармасындағы пенитенциарлық жүйені жетілдіру жөніндегі тәжірибемен танысып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Атап айтқанда, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдері жұмыс сапары аясында түрме мекемелері мен уақытша оқшаулау абақтыларында пенитенциарлық жұмысты және психологиялық қызметті ұйымдастыру, «Атлантис» бағдарламасы аясындағы терапевтік бөлімнің жұмысы, сотталғандарды оқыту, сотталғандарды жұмыспен қамтудың түрлері, аса қауіпті тұтқындармен жұмыс істеу, поляк түрмелеріндегі күзет жүйесімен және техникалық-күзет жабдықтары, ақпараттық жүйе, оның ішінде бас бостандықтарынан айрылған адамдар туралы мәліметтердің «Noe.NET» орталық базасы, түрме ведомствосының кадрларын оқытуды ұйымдастыру сияқты көптеген мәселелермен танысты. Сондай-ақ, қазақстандық делегация Польшаның Түрме қызметінің бас директоры генерал Павел Насиловскимен және елдің әділет вице-министрі Кшиштоф Квятковскимен кездесіп, екі елдің пенитенциарлық жүйелерінің арасындағы байланысты дамыту, олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сапар қорытындысы бойынша Қазақстанның Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен Польшаның Түрме қызметі бас басқармасының арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. ҚР Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті делегациясының Польшаға жемісті және нәтижелі сапары еліміздің «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған нақты қадам болып табылады.