«Астана» велоклубы «Вуэльта-2009» көпкүндігіне қатысады

АСТАНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ертең велоспорттан әлемдегі әйгілі көпкүндіктердің бірі - «Вуэльта-2009» жарысы басталады.

 Осымен 64-інші мәрте ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің велокомандасы «Астана» да қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің спорт» сайтының мәліметінше, бұл жарыста біздің команданың құрамында Александр Винокуров, («Вуэльта-2006» жеңімпазы), Асан Базаев, Максим Иглинский (барлығы Қазақстан), Хесус Эрнандес, Даниэль Наварро, Хосе Луис Рубьера, Аймар Субельдия (барлығы Испания), Кристофер Хорнер (АҚШ) және Михаэль Шар (Швейцария) өнер көрсететін болады. Алайда, «Вуэльтаға» осы жарыстың өткен жылғы чемпионы - «Астана» командасының көшбасшысы испандық Альберто Контадор қатыспайтын болды.

«Бұл жарыс испандық болып саналғанымен, биылғы маусымда ол Голландия, Бельгия және  Испания жолдарында өтетін болады. Бірінші кезеңде велошабандоздар сөреден жеке-жеке шығып, уақытқа жарысады. Бұл кезең Голландияның Ассен қаласында өтеді. Жарыс қыркүйектің 20-сында Испания астанасы Мадридте аяқталады», делінген сайттың хабарламасында.