"Астана" велоклубының спортшылары Францияда сынға түседі

АЛМАТЫ. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Астана" велоклубының спортшылары тамыздың 23-і күні "Батыс Франция Гран-При" (Grand Prix Ouest-France) жарысына қатысады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Францияның Плоуай (Plouay) елді-мекенінде өтетін бір күндік бұл байрақты бәсеке  1931 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатыр. Биыл ол өз жалауын 72-ші рет көтермек. Оған "астаналық" велошабандоздарды клубтың спорт директорларынан Алэн Галлопин бастап бармақ. Онда қазақстандық кәсіби велоклуб намысын қорғау 8 спортшыға сеніп тапсырылып отыр. Олар - Асан Базаев,  Александр Дьяченко, Альберто Контадор, Валерий Дмитриев,  Даниэль Наварро,  Максим Иглинский, Роман Киреев және Сержио Паулиньо.

Жалпы алғашқы кезде "Grand-Prix de Plouay" деген атпен өткен  бұл бәсеке  1989 жылдан бастап атауын "Grand Prix Ouest-France" деп өзгерткен болатын. Ал 2005 жылы ол  Pro Tour жарыстарының қатарына кірді. Онда   соңғы 4 жылда американдық George Hincapie (2005),  италияндық Vincenzo Nibali (2006) және  франциялық Thomas Voeckler (2007) мен  Pierrick Fedrigo  (2008) жеңімпаз атанды.