«Астана» велошабандозы екінші кезеңде жеңіске жетіп, қытайлық көпкүндікте көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM- XDS Astana Team командасының велошабандозы Маттео Малучелли Қытайда өтіп жатқан «Тайху көлі турының» екінші кезеңінде жеңіске жетті.

Фото: Tour of Taihu Lake

Ұзындығы 153,2 шақырымды құраған кезең Чансидің жолдарында өтіп, жаппай спринтпен аяқталды. Команданың үйлесімді жұмысының арқасында Малучелли жарыстың соңғы бөлігін сәтті өткізіп, мәреге бірінші болып жетті.

Li Ning Star командасының даниялық велошабандозы Александр Салби екінші орын алды. Үшінші болып Қазақстан командасының тағы бір өкілі Глеб Сырица келді. Ол соңғы шақырымдарда Малучеллиге қарқын қосып, спринтке шығаруға көмектесті.

Бұл жеңіс италиялық велошабандозға жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп қана қоймай, көпкүндіктің жалпы жіктеуінде көш бастауға мүмкіндік берді.

— Бүгін бәрі жоспарымызға сай өтті. Біз Lotto Intermarche командасына кезеңді бақылауға мүмкіндік бердік, бірақ өзіміз де шет қалмадық. Диас (Рысбай) пен Руслан (Елюбаев) алда жақсы жұмыс істеп, көш бастап келе жатқан командаға көмектесті. Одан кейін Хаоюй Су мен Густав Ванг соңғы 15 шақырымды өте жақсы өткізді. Ал Лео (Гонов) пен Глеб (Сырица) тамаша «лид-аут» жасап, мені спринтке қолайлы позицияға шығарды, — деді Малучелли.

Велошабандоздың айтуынша, команданың тактикалық жоспары толық орындалған.

— Нәтижесінде бәрі керемет болды. Біз жеңіске жетіп, үшінші орын алдық. Бұған қоса, мен аралық межеде бонификация ұпайын иеленіп, жалпы есепте көш бастадым. Алда тағы үш кезең бар. Жеңіске жету үшін күн сайын күресеміз, — деді ол.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша Малучелли «Тайху көлі турының» жалпы жіктеуінде көш бастап тұр.

Айта кетейік, осыған дейін «Астана» велошабандозы «Вуэльта Испанияның» 11-кезеңінде үздік ондыққа енген болатын.