«Астана» велошабандозы «Польша турында» жүлдегер атанды

АСТАНА. KAZINFORM — XDS Astana Team командасының италиялық шабандозы Алессандро Ромеле «Польша турында» жүлдегер атанды. Ол көпкүндік веложарыстың үшінші кезеңінде мәреге үшінші болып жетті

Фото: SprintCycling

Ұзындығы 193,5 шақырым болған кезең Гожув-Велькопольский мен Зелена-Гура қалалары арасында өтті. Жарыстың шешуші сәтінде жеңімпаз жаппай спринт арқылы анықталды.

Алессандро Ромеле мәреге дейінгі тартыста жеңіске таласып, нәтижесінде үздік үштіктен көрінді. Мәреге бірінші болып Lidl-Trek командасының италиялық шабандозы Джонатан Милан келсе, екінші орынды EF Education-EasyPost сапындағы ұлыбританиялық Ноа Хоббс иеленді.

Еске салайық, бұған дейін XDS Astana Development Team командасының велошабандозы Лудовико Меллано Францияда өтіп жатқан «Крейз Брейз Элит» көпкүндік веложарысының үшінші кезеңінде мәреге екінші болып келгенін хабарлаған едік.