Астана - Вильнюс: тығыз өзара іс-қимыл туралы уағдаластық

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Мемлкеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы - Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Литва сыртқы саясат ведомствосының басшысы, Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-дағы жемісті атқарылған төрағалығына алғысын білдіре отырып, қол жеткізілген жетістіктерді жалғастыру мақсатында Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол "Қазақстандық төрағалықтың бірқатар басымдықтары, атап айтқанда Орталық Азиядағы, және ең бастысы - Қырғызстандағы жағдай литвалық төрағалықтың да басты мәселелері болып қала бермек, - деп атап өтті.

Қ.Саудабаев өзінің әріптесін ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағалығына отыруына және литвалық төрағалықтың инаугурациясының өтуіне орай құттықтай отырып, сабақтастықты қамтамасыз етудің маңызын қуаттады және Литва тарапымен екіжақты негізде де, ЕҚЫҰ «үштігінің» шеңберінде де бірлескен үйлесімді жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.

Сонымен қатар тараптар қазақстан-литва қарым-қатынасының жағдайы мен болашағын талқыға салды. Тараптар екіжақты ынтымақтастыққа ағымдағы жылдың барысында жоспарланып отырған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Литва Президенті Далия Грибаускайтенің келіссөздері жаңа серпін береді деген сенімдерін білдірді.