14:33, 23 Мамыр 2009
Астана вокзалында «Үрімші ? Астана» бағытындағы пойыздың жолаушысынан «доңыз тұмауы табылды» ? Оқу-жаттығу
АСТАНА. Мамырдың 23-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Әлемде «шошқа тұмауына» (А/H1N1) байланысты қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға орай бүгін Астанада теміржол вокзалында тұмауға қарсы оқу-жаттығу шаралары өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оған Көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті және теміржол саласының қызметкерлері қатысып, олардың әзірліктері тексерілді. Жаттығу желісі бойынша, бүгін Астананың теміржол вокзалының диспетчеріне «Үрімші ? Астана» жолаушылар пойызының бригада бастығынан вагондағы Н. атты азаматтан А типті тұмаудың белгілері табылып, «доңыз тұмауын» жұқтырған болуы мүмкін деген хабарлама түсті. Анықталған хабарға байланысты алдымен вагонның жолсерігі аурудың таралуының алдын алу шараларын жасады. Яғни «доңыз тұмауын» жұқтырған жолаушының орналасқан купесін оқшаулап, басқа адамдардың жүріп-тұруын доғартты. Пойыз елордаға жеткенде санэпидқадағалау қызметкерлері «науқасты» диагностикалық орталыққа жөнелтіп, вагонның ішін зарарсыздандырды.
Көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Ермек Топбергеновтің айтуынша, қаладағы халықаралық әуежай, теміржол және автокөлік бекеттеріндегі санэпидемқадағалау орындары тепловизорлармен, термометрлермен, керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Дер кезінде диагностика жасауға барлық мүмкіндіктер бар. «Доңыз тұмауының» белгілері басқа тұмаутектес ауруларға ұқсас. Науқас адамда әлсіздік, бас, тамақ, бұлшықеттердің ауыруы, дене қызуының жоғарылауы, жөтел байқалады. Сондықтан кәдімгі тұмау екен деп оны өз бетінше емдеу үлкен қасіретке ұшыратады. Бірден дәрігерлерге хабарласыңыздар», - деді Көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Ермек Топбергенов.Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша «доңыз тұмауына» 11 мыңнан аса адам шалдыққан. Соның 86 оқиғасы қайғылы аяқталды. Вирус бүгінде Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Батыс Еуропа, Түркияда тіркелген. Апта сайын Қазақстанға 60 мыңнан аса адам, оның 3-5 мыңы тұмау тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азиядан келеді. «Осыған байланысты өткізіліп отырған оқу-жаттығу өте маңызды және уақыт талабына сай ұйымдастырылды»,- деп атап көрсетті Е.Топбергенов.