Астана жалпы өңірлік өнім өндіруден еліміз бойынша үшінші орында
05:12, 09 Желтоқсан 2012
АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірілген жалпы өңірлік өнім үлесі жалпыреспубликалық көлемде 8,7%-ды құрады.
Осы көрсеткіштен елорда еліміз бойынша үшінші орында, деп хабарлайды елорданың реми сайты.
Қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Жанат Нұрпейісовтің сөзіне қарағанда, Астанада ЖӨӨ көлемі 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 трлн. 86 млрд. теңгеге жетті. Бұл 2011 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 221 млрд. теңгеге артық көрсеткіш.
Басқарма бастығының айтуынша, 2012 жылдың қаңтар-қазан айларында қаланың өндірістік кәсіпорындары 152 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсеткен. Шағын және орта бизнес кәсіпкерлігі саласында жалпы көлемі 834 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, жұмыстар атқарылды, қызметтер көрсетілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемінің 101,3%-ын құрады.