Астана — Ақтөбе матчындағы әрекеті үшін жанкүйерге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада футбол матчын тамашалау кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған жанкүйер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша азамат Т.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сот материалдарына сәйкес, азамат «Астана» мен «Ақтөбе» командалары арасындағы матч кезінде «Астана Арена» спорт кешенінде алдыңғы қатардағы орындықтың арқалығына жалаңаяқ аяқтарын қойып, айналасындағыларға анық құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Оның кінәсі Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнежазбамен де дәлелденген.

— Сот құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ әрекеттің қоғамдық тәртіпті бұзуға және өзгелерге құрметсіздік көрсетуге бағытталғанын ескере отырып, азамат Т.-ға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ұсақ бұзақылық үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ жазасы қарастырылған.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың 9,3 миллиард теңге айыппұлы мен өсімпұлы кешірілгенін хабарлағанбыз.