Астана және Қазақстан митрополиті Александр мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Православие шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Маямеровті және барша қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

«Қазақстанның дәстүрлі діндерінің мерекелері көне заманнан бері қоғам өміріне берік орнығып, мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды, халық тұрмысын сәндендіріп, халқымыздың тарихи жолын рухани мазмұнға толтырды.

Адамзат өзін адамгершілік қасиеттерінен айыруға азғыратын қауіппен бетпе-бет келген, әлем экстремизм қауіптерінен дүрлігіп жатқан бүгінгі күні жетекші әлемдік конфессиялардың көшбасшылары мен ізбасарларына рухани идеалдар мен құндылықтардың сақталуы үшін ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сындарлы диалог, өзара түсіністік пен құрмет түрлі мәдениет пен дін адамдарының амандығы мен бейбіт түрде қатар өмір сүруін қамтамасыз етуге қабілетті қуатты жасампаз күш болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті, аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің халқымыз Пасха мен Рождествоны, Наурыз бен Құрбан айтты бірге мерекелейді, бұл дәстүрге айналған... бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін фактор болып табылады, адамдарға сенімділік, тыныштық, бейбітшілік пен келісім ұялатады. Дәл осы негізде елімізді дамытып, азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартамыз, балаларымызды өсіріп, болашаққа сеніммен қараймыз», - деп айтқан.

Құрметті мүфти Хазірет, Сізге және елдің барлық мұсылмандарына денсаулық, бейбітшілік, амандық, Қазақстан үшін жасалған игі істер мен еңбекте табыстар тілеймін!» - делінген құттықтау мәтінінде.