Астана жанындағы елді мекендердің қалаға қосылу мерзімі белгісіз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың иелігіне енген жер телімдерінің аумағында елді мекендер жоқ. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС директоры Сәрсембек Жүнісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Астана аумағына Талапкер, Қоянды, Жібек жолы және басқа да елді мекендердің қосылуын ескеріп отырғанымыз жоқ. Бас жоспарда бұл ауылдарды қарастырмадық. Біз қаланың жоспарын жасаған кезде,  шекараны бірден нақты сызып алғанбыз. Сондықтан бұл ауылдарды қосуды  ойластырған жоқпыз»,-деді Жүнісов.

Осы орайда ол қала маңындағы ауылдардың өсімі үнемі қадағалауда болатынын жеткізді.

«Елорда маңындағы 30 шақырым және 60 шақырымдық  аумақтарды қарастырып қойдық. Бұл елді мекендердің өсуін қадағалауымыз керек. Себебі, қала маңындағы ауылда дұрыс емес өзгерістер болса, болашақта қиындықтар туындатуы ықтимал. Сондықтан Астана маңындағы тиісті бір ауылдың бас жоспарын жасаған кезде бізбен келісуі керек. Біз қаланың өсуіне байланысты осы құжатқа қарап, тиісті жауабымызды береміз. Жалпы, елорда жанындағы нақты бір елді мекеннің қосылуы мерзімі белгісіз»,-деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек ол қала аумағында саяжайлар болмайтынын атап өтті.

«Бүгінде бас жоспарға сәйкес, елорданың ішінде саяжайлар жоқ. Барлық саяжайлар арнайы аймақтарда ескерілген, яғни қаланың шекарасынан тыс аумақтарда орналастырылған. Астананың ішінде болған саяжайлардың барлығы бұзылады. Олардың орнына саябақтар салынады немесе қандай да бір ауданның құрылысы жүргізіледі»,-деді С. Жүнісов.