Қойылым алдында арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырып, онда Астана жастар театрының көркемдік жетекшісі, бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай қойылым жайында кеңінен әңгілемеп берді.
«Қазақ өнеріндегі шоқтығы биік шығарманың бірі - «Қыз Жібек». «Қыз Жібек» десе қазақтың исі аңқиды. Осыдан бірнеше жыл бұрын аталған шығарма тек операның төңірегінде қалып қоймаса екен, заманауи тілде сөйлетсек деген ой туды. Осыдан 5-6 жыл бұрын Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы шеберханамда «Қыз Жібек» шығармасына байланысты дипломдық жұмыс қорғап, ары қарай дамытса деген арманым да болды. Содан әнші, композитор Ерболат Құдайбергеновке бұл шығарманы рок-опера не мюзикл жанрында дамытуға қолқа салдым. Ол бір жыл бойы жастарға арналған нұсқасын жасап шығарды», - деді ол.
Оның айтуынша, Ерболат Құдайбергеновтің жазып шыққан нұсқасы Өнер академиясында дипломдық жұмыс ретінде қойылған. Алайда театрға қоюға жетіспейтін дүниелері болған.
«Осыдан кейін театрымыздың музыкалық әрлеушісі, актер Жандәулет Батай мюзиклге қазақтың домбыра, шертер сынды аспаптарын қосып, фольк-рок жанрына бейімдеп шығарды. Ұнады, құлаққа жағымды естілді. Содан тұрып қалған жұмысымызды биыл қайта қолға алып, енді міне бүгін премьерасы», - деді Нұрқанат Жақыпбай.
Айта кетейік, Жастар театры «Рухани жаңғыру» аясында Астананың 20 жылдығына орай жаңаша ұсынған Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» мюзиклінің бүгін премьерасы өтті. Сонымен қатар 13, 14, 15 сәуір күндері де елорда жұртшылығы мен қонақтары бұл мюзиклды тамашалай алады.
«Қыз Жібек» - мәңгілік махаббат жыры. Шекті руының айдай сұлу аруы Жібек пен Жағалбайлы руының батыры, сері Төлегеннің арасында тұтанған сезім шоғы кіршіксіз махаббатқа ұласады. Алайда махаббат барда қызғаныштың да қатар жүруі өмір заңдылық. Жібек аруға бұрыннан ғашық сол ауылдың Бекежан есімді батыры да сұлудан дәмелі көңілін жасырмай, махаббат үшін ашық айқасқа түседі. Қайшылыққа толы күрестің соңы орны толмас өкінішке ұласады...
Ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жырдың Жастар театры сахнасында жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өзгеше. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен баурайды. Қазақтың байырғы салты - бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға шығады. Ғажайып музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым көрерменін бей-жай қалдырмайды.